Каспий теңізіндегі итбалық пен бекіренің қырылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды

2023 жылы 6 мамырда Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасының мемлекеттік инспекторлары мониторинг жүргізу барысында Түпқараған ауданы, Баутино ауылы, Каспий теңізі жағалауынан итбалықтың 15 және бекіре балығының 4 өлексесі табылды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Экология министрлігінің хабарлауынша, қолданыстағы өзара іс-қимыл схемасына сәйкес, жұмыс тобының барлық мүшесі (жергілікті атқарушы органдар, мамандандырылған ғылыми ұйымдар, Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы, Гидробиология және экология институты, Қазақстандық Қолданбалы Экология Агенттігі, Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы, облыстың ветеринариялық қызметі, экология және полиция департаменттері, табиғат қорғау прокуратурасы) жедел түрде хабардар етілді.
Сонымен қатар аталған дерек бойынша Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының полиция бөліміне хабарланып, қылмыстық іс қозғалды. Оның шеңберінде жануарлардың өлімінің себептері мен басқа да мән-жайлары белгіленеді.
"7 мамырда итбалықтар табылған жерге Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясымен Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің, ветеринариялық инспекцияның, Қазгидрометтің және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен тұратын жұмыс тобы шықты". Экология министрлігінің баспасөз қызметі
Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті өлі итбалықтар табылған жерден су мен ауа сынамаларын алған. Табылған теңіз жануарлары ұшаларының ыдырау деңгейі жоғарғы дәрежеде болғандықтан, өлім себебін анықтау үшін гистологиялық сынама алу мүмкін болмаған.
Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері Каспий теңізінің жағалау аймағының мониторингін жалғастырып жатыр.