Республиканың басым бөлігінде жел күшейіп, тұман түседі
«Қазгидромет» РМК-сы 10 мамырға арналған ауа рай болжамын жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кәсіпорын таратқан деректерге қарағанда, Қазақстанның батысында, солтүстік-батысында, солтүстігінде циклон жырасы және онымен байланысты фронталды бөліктердің өтуіне орай найзағай ойнап, жаңбыр жауады, солтүстік-батыста кей уақытта қатты жаңбыр жауады.
Еліміздің қалған аймақтарында күн жауын-шашынсыз. Республика бойынша жел күшейеді, солтүстікте түнде және таңертең тұман түседі, күндіз республикамыздың солтүстік-батысында бұршақ жауады.
Түнде Ақтөбе облысының батысында, солтүстігінде, күндіз Қостанай облысының орталығында, солтүстігінде қатты жаңбыр жауады. Түнде Қостанай облысының солтүстігінде, Солтүстік Қазақстан облысының солтүстік-батысында топырақ бетінде 2 градус үсік жүреді.
Қостанай облысының орталығында, оңтүстігінде жоғарғы өрт қауіпі сақталады. Қызылорда облысында, Түркістан облысының солтүстігінде төтенше өрт қауіпі сақталады.