Алматы облысының тұрғындары 916 келі балықты заңсыз аулады

Павлодар облысының полицейлері Қазақстан Республикасының табиғат қорғау заңнамасын бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу мақсатында тұрақты негізде рейдтік іс-шаралар жүргізеді. Кезекті рейдтік іс-шара барысында табиғатты қорғау полицейлері Зайсан-Ертіс балық аулау инспекциясының қызметкерлерімен бірлесіп Май ауданы Жұмыскер ауылының аумағында Nissan terano көлігін тоқтатты.
Тексеру кезінде автокөліктің салонында жалпы салмағы 916 келі сазан және мөңке тұқымды балық толы қаптар табылды. Қарасор көлінде балық ауланғаны анықталды, – деді Павлодар облысы Май ауданы полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Жандос Айтмұхамбетов.
Осы факт бойынша Алматы облысының Қапшағай қаласының 40 жастағы тұрғынына қатысты Қазақстан Республикасы ҚК-нің 335-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Бұзушылық осы жылдың 15 сәуірінде Павлодар облысының аумағында басталған “Уылдырық шашу” жедел алдын алу іс-шарасы барысында анықталды.
Полиция браконьерлік пен биологиялық ресурстар объектілерінің заңсыз айналымын анықтауға және жолын кесуге бағытталған іс-шара 2023 жылғы 30 мамырға дейін жалғасатынын еске салды.