Ішкі және халықаралық рейстер кеңейе бермек
Әуежай директорының айтуынша, қазіргі күнде келісілген бағыттар бойынша жұмыс жасалуда. Жаңа басшылық әуежайды техникалық қайта жарақтандыруға ерекше мән беріп, оннан астам техника мен механикаландыру құралдары пайдалануға берілген. Маршруттық желіні дамыту бойынша да аз уақыттың ішінде Қазақстаннан бөлек шетелге де жаңа рейстер пайда болды. Бүгінгі таңда авиациялық билік құрылымдарымен және тасымалдаушылармен жаңа ұшу бағыттары туралы келіссөздер, кадр саясаты бойынша да жаңа қызметкерлерді белсенді түрде жалдап, оқыту жүргізілуде.
Сурет: М.Мәметова атындағы халықаралық әуежайдың баспасөз қызметі
Осы уақыт ішінде біз, уәде етілгендей, жолаушыларымызды ұшақтар мен терминалға жеткізетін жайлы автобусты іске қостық. Барлық техникаға аудит жүргіздік. Кейбір техника ауыстыруды қажет етті. Қолданысқа берілген жаңа техниканың көбі әуежайда бұрын мүлдем болмаған. Ірілерін атап айтсақ, аэродромдық тартқыш (тіркеп сүйрейтін трактор), ұшақ басқышы (трап) және таспалы тасымалдағышты атап өтуге болады. Бұл біздің әуежайдағы ұшақтар мен жолаушыларға қызмет көрсетудің, сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз етудің алғашқы қадамдарының бірі. Сондай-ақ, жұмысымыздың алғашқы күндерінен бастап туроператормен және SCAT Airlines авиакомпаниясымен әуежайымыздан жаңа халықаралық бағыт туралы келістік. Осыған орай, биылғы жазғы маусымда біздің жолаушыларға Анталиядан басқа, Шарм-эль-Шейх сияқты тағы бір танымал курортқа ұшу қолжетімді болды. Бұл қалаларға біздің әуежайдан жазғы навигация бойынша, яғни қазан айына дейін тікелей рейстермен ұшуға болады. Туроператорлармен қысқы навигация бойынша да алдын-ала келісімдер бар, бірақ ол туралы маршруттар мен ұшу жиілігі анық болған кезде нақты айтатын боламыз. Рустам Биктимиров, әуежай директоры
Сурет: М.Мәметова атындағы халықаралық әуежайдың баспасөз қызметі
Қазіргі күнде әуежай басшылығы Орал-Мәскеу және Ресейдің басқа қалалары арасында әуе қатынасын қайта бастау жөнінде келіссөздер жүргізуде. Сондай-ақ батысқазақстандықтар енді Астана мен Алматыдан басқа еліміздің өзге қалаларына ұшақпен қатынайтын болады.
Бұл бағытта Атырау, Ақтау, Түркістан қалаларына ішкі рейстер өз жұмысын бастап кетті. Енді Шымкент қаласына ұшатын рейстер қарастырылуда.
Сурет: М.Мәметова атындағы халықаралық әуежайдың баспасөз қызметі
Болашақта әуекомпанияларының мүмкіндіктері мен билетке байланысты басқа қалаларға да Оралдан тіке ұшатын рейстер шығару бағытында жұмыстар жасалуда.
"Бүгінгі таңда әуеайлақтың жай-күйін әуежайды дамытудың тежегіш факторы деп атауға болады. Жақын арада ұшуды тоқтатпай жалғасатын перрон мен жермен жүру жолындағы жабындардың ағымдағы жөндеуін бастаймыз. Сонымен қатар, перрон мен жермен жүру жолын қайта құру үшін жұмыс жобасын дайындаудамыз. Жобаны жыл соңына дейін әзірлеуді жоспарладық. Қайта құруды жүргізу мерзімдері жобаны әзірлегеннен кейін айқындалатын болады. Бұл жұмыстарды қаржыландыру шарттарын мемлекеттік органдармен бірлесіп талқылайтын боламыз. Олар қайта құруды қолдайды деп үміттенеміз, өйткені онсыз әуежайды одан әрі дамытуды жоспарлау, әсіресе жүк тасымалын кеңейту өте қиын. Бұл мәселеде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен осы бағыттағы барлық шектеулерді алып тастайтынымызға сенімдімін", - дейді әуежай директоры.
Сурет: М.Мәметова атындағы халықаралық әуежайдың баспасөз қызметі