Жаңалықтар тізбегі
0

Қазақстан жолдарын қалай қауіпсіз етуге болады

Дмитрий Петрухиннің жеке мұрағатынан, сурет - Zakon.kz жаңалық 20.06.2023 15:26 Сурет: Дмитрий Петрухиннің жеке мұрағатынан
19 маусым – Дүниежүзілік мотоциклшілер күні. Қазақстанда екі доңгелекті көлік кең танымалдыққа ие болуда, бірақ, оған қоса жолдардағы қауіпсіздік мәселесі де ушығып барады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Алматы полиция департаментінің мәліметінше, 2023 жылдың 5 айында ғана мотоциклдердің қатысуымен 17 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Аталған жол апаттары салдарынан он адам зардап шегіп, біреуі қаза тапты. Барлығы 734 мотоцикл жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

"Негізінен маневр жасау ережелерін бұзу, апаттық жағдайлар тудыру, бағдаршамның тыйым салынған сигналына өту және қарсы қозғалыс жолағына шығу бойынша жауапкершілікке тартылады", – деп атап өтті Алматы ПД баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Әзірбек.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда ең көп проблема тудыратын – электр скутерлер мен мопед жүргізушілері. Алматыда жыл басынан бері жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 4 мыңнан астам мопед жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 114 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 128 адам жараланған, бір адам қаза тапты.

Мопедтер мен скутерлерге қатысты проблемалар жайында Қазақстанның ең танымал байкері – KZBIKE бірлестігінің басшысы Дмитрий Петрухин айтып берді.

"Әрине, олар көпшіліктің жүйкесін тоздыруда: жаяу жүргіншілерді де, автокөлік жүргізушілерін де. Әрқашан мопедистермен сөйлескенде, бірінші кезекте олардың есерсоқ секілді қатты жүргізіп қана қоймай, артында отырған жолаушыларының арнайы бас киімдері жоқ екенін айтамын. Бұған қатаң қарау керек, бірақ ол үшін бұл көліктерді заңдастыру қажет", – дейді Дмитрий Петрухин.

Оның айтуынша, мопед жүргізушілерін Қазақстан көшелеріндегі қозғалыстың толыққанды қатысушыларына айналдыру қажет. Ол үшін мұндай көлік құралдарын тіркеп, барлығын техникалық байқаудан өткізіп, иелеріне жүргізуші куәліктерін алдыру керек.


"Мен көп жылдар бойы мопедтердің заңдастырылуы үшін Сенатқа да, Мәжіліске де, министрліктерге де жүгіндім. Бірақ мені ешкім естіген жоқ. Биыл бұл мәселеге шындап кіріскеніне қуаныштымын, бірақ барлығын заңнамалық тұрғыдан дұрыс жасау қажет. Себебі, бұл жігіттердің көбісі осылай ақша табады, мемлекет оларды бұл мүмкіндіктен айырмауы тиіс", – дейді танымал байкер.

Бүгінгі таңда жеке мобильдік құралдарды тіркеу және оларға жүргізуші куәлігін алу туралы заң әзірлену үстінде. Заң жобасы күзде ұсынылады деп күтілуде.

Айта кетейік, Дүниежүзілік мотоциклшілер күні автокөліктерге балама ретінде екі дөңгелекті көлікті танымал ету мақсатында пайда болған. Осылайша, 2000 жылы АҚШ-та "Жұмысқа мотоциклмен бару күні" қайырымдылық ұйымы құрылды.

2001 жылы мереке ресми түрде бекітіліп, шілденің үшінші сенбісінде атап өтілді. Сөйтіп, көптеген елдерде шілде жаңбырлы маусымға тура келетіндіктен, жеті жылдан кейін бұл күн маусымның үшінші дүйсенбісіне ауыстырылды.

Атаулы мереке күні байкерлер әртүрлі флешмобтар өткізеді. Ал мотоклубтар автокөлік қауымдастығына мотоциклдің тиімді көлік құралы екенін көрсету мақсатында неше түрлі шоулар ұйымдастырады. Расында да, байк жолда және автотұрақта айтарлықтай аз орын алады, сондай-ақ отынды да аз тұтынады.

Осы басымдықтарының себебінен көптеген қазақстандықтар да екі дөңгелекті көлікке ауысып жатыр. Байкерлер қауымдастығы өкілдерінің бірі – алматылық діни қызметкер Андрей Шклярдың пікірінше, мотоцикл қаланың кептелісі арқылы жүруге өте ыңғайлы.

Ол бұл мәселеге байыппен қарап, өзінің алғашқы Honda NC700 мотоциклін сатып алмас бұрын, мотомектепті оқып бітірген. Кейіннен діни қызметкер қалалық мотожүргізушіден мотоцикл саяхатшысына айналды. 2019 жылы ол әйелімен бірге мотоциклмен Грузияға барған.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: