Қазақстанда жұмыссыздар құлпынай өсіріп, мал бордақылауды үйреніп жатыр
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, платформаға жалпы 292,9 мың қазақстандық тіркелсе, оның 105,9 мыңы 2023 жылы тіркелген.
Оқудан өткен 25,5 мың жұмыссыз азаматтың 8,6 мыңы – негізінен Қызылорда, Түркістан, Алматы облыстары және Шымкент қаласының жастары.
Платформа іске қосылған сәттен бастап авторлар онда әр түрлі бағыт бойынша 219 курс жариялады, оның 166-сы тегін. Курстардың ұзақтығы 1-ден 72 сағатқа дейін. Ең танымал курстар – "Құлпынай өсіру", "Құс шаруашылығы. Бройлер өсіру", "Ірі қара малды бордақылау" және "Кассир", – дейді министрліктің баспасөз қызметі
Skills.enbek.kz платформасы халықтың білім деңгейі мен кәсібилігін арттыруға, мансаптық дамуды ынталандыруға және "өмір бойы оқыту" тұжырымдамасын ілгерілетуге бағытталған. Платформада білім алушы оқытудың қолайлы қарқыны мен тілді, материалды берудің ыңғайлы қағидатын өз бетінше таңдайды, білім беру процесіндегі өзінің прогресін бақылай алады.
Оқу аяқталғаннан кейін білім алушы 70% шекті деңгеймен тестілеу тапсыруы тиіс. Онлайн курсты сәтті аяқтаған жағдайда дағдыларды игеру туралы сертификат беріледі. Курсты аяқтаудың міндетті шарты – студент тарапынан курсты бағалау.