Жаңалықтар тізбегі
0

Аптап ыстыққа төзу үшін не істеу керек

Аптап ыстыққа төзу үшін не істеу керек?, сурет - Zakon.kz жаңалық 18.07.2023 13:55 Сурет: Zakon.kz
Бүкіл Қазақстан бойынша күннің қатты ысуы байқалады. Осыған байланысты мессенджерлерде жазғы ыстық ауа райының салдары туралы қорқынышты хабарламалар тарады. Мамандар бұл ретте ақпараттың қайсысы шынайы ал қайсысы жалған екенін айтып берді.

Қазақстандық БАҚ өкілдері еліміздегі қалыптан тыс ыстық ауа райы өткен ғасырдың температуралық рекордынан асып түскенін жазды. Шынында да, синоптиктердің деректеріне сәйкес, аптап ыстық 102 жыл бұрынғы температураның шегінен асып кеткен.

География және су қауіпсіздігі институты табиғи қауіптер зертханасының бас ғылыми қызметкері, Қазақстан география ғылымдарының докторы Виктор Благовещенский климаттың өзгеруі жылынудың салқындаумен алмасып тұратын циклдік процесс екендігіне назар аударады.

Қазір жылыну кезеңі жүріп жатыр, – дейді ол, – Жер тарихында климаттың қазіргіден әлдеқайда жылы және әлдеқайда суық кезеңдері болған.

World Weather Attribution халықаралық ауа райы құбылыстарын зерттеу тобының ғалымдары планетадағы төтенше температуралардың қалыпты құбылысқа айналатынына сенімді.

Олар Канаданың Литтон ауылында бұл аймақ үшін рекордтық 49,6 градус тіркелгеннен кейін жақында Жерде "төзімсіз ыстық" болады, деген мәлімдеме жасады. "Біз көріп отырғанымыз бұрын-соңды болмаған. Бұл аймақ үшін өте сирек кездесетін жағдай. Біз климаттың бұлайша өзгеруін жаһандық жылынудың әлдеқайда жоғары деңгейінде болуын күттік", – деді Оксфорд университетінің қызметкері Фредерике Отто. Ол енді температураның ауытқулары әлдеқайда жиі тіркелетінін атап өтті.

Аптап ыстыққа байланысты WhatsApp мессенджерінде жалған ақпараттар жиі тарауда. Мәселен, жақында бүкіл әлемде 40 күн бойы 50 градусқа дейін ыстық күтілетіні туралы хабарлама пайда болды. БАҚ өкілдері атап өткендей, аталған ақпаратты таратушылар нақты қай аймақтарда температураның көтерілуі мүмкін екенін нақтыламайды.

Сол себепті барлық тараған ақпараттарға сене бермей, өз аймағыңыздағы метеорологтардың хабарламаларын қадағалаған жөн. Әдетте олар алдын ала болжам жасайды.

Сондай-ақ аптап ыстыққа байланысты "ақырзаман" туралы хабарламалар да пайда бола бастады. Айтпақшы, күннің қалыптан тыс ысуына орай қоғамда "ақырзаман" туралы байбалам салынуы бірінші рет емес. Мәселен, 2012 жылы "майя күнтізбесі аяқталады, қауіпті Нибиру планетасы жерге жақындағалы жатыр", деген әңгімелер тараған еді.

Ақыры, мұның бәрі бос болжамдар болып шықты. Осы орайда, теологтар қасиетті мәтіндердің ешқайсында "ақырзаманның" қай күні болатыны аталмағанын жеткізді, сондықтан аптап ыстыққа байланысты мұндай қиялдарға сенуге болмайды.

Ал дәрігерлер мұндай ауа райында денсаулыққа күтім қажет екенін айтады. 30 градустан жоғары ыстыққа созылмалы аурулары бар адамдар, қарттар, балалар және жүкті әйелдер қиын төзеді. Сондай-ақ ауыр патологиясы жоқ адамдар үшін де мұндай ыстықта жұмыс істеу қиынға соғады. Әсіресе, егер жұмыс ашық аспан астында болса. Әдетте мұндай температурада оңтүстік елдердің тұрғындары жұмысты таңертең немесе кешке ғана істейді.

Дәрігер-терапевт Ринат Қонаевтың айтуынша, көптеген адамдарда ауа температурасының жоғарылауына байланысты қан қысымы көтеріліп, жалпы ахуалы нашарлайды. Сондай-ақ ыстықта жүрек ауруы бар адамдарда ұстамалар жиілейді.

Жоғары температура жүрекке жүктемені арттырады және қан айналымында проблемалар тудырады, сәйкесінше, әсіресе егде жастағы ер адамдарда ұстама мен инфаркт жағдайлары жиі кездеседі. Сондықтан, әрқашан өзіңізбен кем дегенде салқын су мен аспирин алып жүру керек.

Аптап ыстықта физикалық белсенділіктен аулақ болу, шамадан тыс жұмыс жасамау, жеткілікті мөлшерде сұйықтық ішу қажет – ересек адамға күніне шамамен 2-2,5 литр. Бұл жерде "сұйықтық" дегеніміз тек су екенін ескеру керек. Шай, кофе, шырындар, газдалған сусын, әсіресе эненргетиктер мен алкоголь – шөлді қандыратын сұйықтықтар санатына жатпайды, – деп атап өтті дәрігер.

Сондай-ақ ол егер әлсіздік, бас айналуы, жүрек тұсында ауырсыну, ауа жетіспеушілігі, жүрек айнуы, көздің қараюы сезілген жағдайда жедел жәрдем бригадасын дереу шақыруға кеңес берді.

Сонымен қатар, өзіңізбен бірге қант немесе кәмпит алып жүруді ұсынамын. Кептірілген жемістер де жарайды – қақ өрік өте пайдалы. Бұл қант диабетімен ауыратындарға және таңғы ас ішпейтіндерге қажет, – деді Қонаев.

Сондай-ақ жүкті әйелдерге ерекше сақтықта болған жөн. Олар ыстықта мұқият болып, өзінің және баланың денсаулығы мен әл-ауқатын сақтау үшін қосымша шаралар қабылдауы керек. Физикалық белсенділік пен күнге қызудан аулақ болуы тиіс, күн астында, жабық және жеткілікті желдетілмеген бөлмелерде отырмағандары жөн, тамақтануды қадағалап, дәрумендер мен минералдарға бай тағамдар тұтынулары қажет.

Егер жүкті әйелде бас айналу, жүрек айну, әлсіздік, дене температурасының жоғарылауы немесе қатты терлеу сияқты жылу соққысының белгілері болса, дереу медициналық көмекке жүгіну керек.

Балаларға келетін болсақ, дәрігер оларды қатты қажеттілік болмаса, ыстықта күн астына алып шықпауға кеңес береді. Бұл әсіресе сәбилер мен емшектегі балаларға қатысты.

Ата-аналарға өтініш – балаларды қажетті мөлшерде сумен қамтамасыз ету, қайталап айтамын: тәтті газдалған сусын немесе компот емес, салқын су. Балаларыңызға тек жеңіл, ауа өткізетін киім кигізіңіз. Ыстықта мұздай су ішудің және үлкен жұтыммен ішудің қажеті жоқ. Бұл дененің құрысуы мен жағдайдың нашарлауына, тіпті, өлімге дейін әкелуі мүмкін, – деп ескертті Қонаев.

Жалпы, ыстықта адамдар суға қолжетімді жерде болғаны дұрыс. Ауыз суы болуы шарт емес, жоқ дегенде орамалды сулауға немесе жай ғана жуынуға, басын сулауға, осылайша дене температурасын төмендетуге болатын субұрқақ болса да жарайды.


Міндетті түрде бас киім киюді ұсынамын, әсіресе қарт адамдарға, балалар мен жүкті әйелдерге, – деп қорытындылады Ринат Қонаев.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: