Алматы облысында саяжай тұрғындары жарық өшіп қалуына байланысты наразылыққа шықты
"Строитель" саяжайының тұрғындары бір тәулікке жуық жарықсыз отыр. Жұмысты тоқтатуға қызмет көрсетуші – "АлматыЭнергоСбыт" ЖШС алдындағы қарыз себеп болған. Қарыз сомасы 32 миллион теңгеден асады және ол жыл бойы ай сайын дерлік өседі.
Жасалған төлем кестесі уақытылы және толық көлемде орындалмағандықтан, 24 шілдеде саяжай кооперативінде электр қуаты өшірілді. Бұған наразы жергілікті тұрғындар тасжолға шығып, жол бойына тұрып алды. Шерушілер алдына Қонаев әкімінің орынбасары Марлан Жолдахмет шықты. Содан кейін халық тарап кетті.
"Жағдайды ескере отырып, төлем кестесі жасалды. Сған сай төлем жасалуы керек. Сонымен қатар тұрғындар арасынан кооператив қызметкерлері мен бақылаушыларға жосықсыз тұтынушылармен жұмыс істеуге көмектесетін бастамашыл топ құру ұсынылды. Қажет болған жағдайда олар учаскелік инспекторды тартады", - деп хабарлады Қонаев әкімдігінің баспасөз қызметі.
Саяжай аймағының тұрғындары қала әкімдігінен бұған дейін де көмек сұраған болатын. Бірақ Қонаев әкімдігі оларға көмектесе алмай отыр: шенеуніктердің кооперативтердің қызметіне араласуға құқығы жоқ.
Әкімдіктің қолынан келетіні – жаңа электр желісін тарту. Қазір саяжайларда жүктемені бөлу үшін 11 трансформаторлық қосалқы станция орнатылды. Алдағы уақытта бұл нысандар "Алатау жарық" серіктестігінің балансына өтіп, тұрғындардың әрқайсысымен жеке келісім-шарт жасалып, бекітілген бірыңғай тариф бойынша төлем жүргізіледі.
Қазір электр қуатын беру уақытша қалпына келтірілді. Кооператив басшылығы электрмен жабдықтаушы кәсіпорынға берешегін өтеу шараларын қолданады.