Алматыда Абай даңғылының бір бөлігі жөндеу жұмыстарына байланысты уақытша жабылады
Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, Абай даңғылындағы жол жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта батыс бағытта Достық даңғылынан Есентай өзеніндегі көпірге дейінгі және шығыс бағытта Тілендиев көшесінен Әуезов көшесіне дейінгі аумақтарда жөндеу жұмыстары толық аяқталып, көлік қозғалысы толықтай қалпына келтірілді.
Келесі бөлік – Есентай өзенінен Наурызбай батыр көшесіне дейін. 28 шілде сағат 23-00-ден 30 шілде 6-00-ге дейін даңғылдың солтүстік бетінде полимерлі асфальтбетон жабынын төсеу жұмыстарына байланысты көлік қозғалысы толық шектеледі.
Жабық жерлерді Сәтбаев, Құрманғазы көшелері арқылы айналып өтіге болады. Наурызбай батыр, Байтұрсынов көшелері мен Сейфуллин даңғылы арқылы кесіп өтетін жол ашық болады.
"Орталық стадионға кіріп, шығатын жол, Масаншы көшесінен Абай даңғылына солтүстік бағытта бұрылатын жолда қозғалыс шектеледі. Сәтбаев және Байтұрсынов көшелері арқылы айналып өтуге болады. Жол-көлік оқиғасының алдын алу және жол қозғалысын ұйымдастыру үшін жоғарыда аталған көше учаскесінде патрульдік полиция қызметкерлері жұмылдырылады", – делінген Алматы әкімдігі таратқан хабарламада.
Жөндеу жұмыстарын жүргізу учаскелері туралы өзекті ақпарат қала әкімдігі мен қалалық мобилділік басқармасының (@qmb_almaty) ресми парақшаларында, сонымен бірге, 2ГИС қосымшасында қолжетімді болады.
Естеріңізге салайық, Алматыда алғаш рет полимерлерді пайдаланып, асфальт төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұндай қоспалар тозуға төзімді, жұмсарту температурасы жоғары (65-70°C), сондықтан ыстыққа төтеп беріп, әлдеқайда ұзағырақ қызмет етеді – 8-10 жыл пайдалануға болады.
Жол жөндеу 2023 жылға жоспарланған жұмыстар аясында қолға алынған.
Алматы әкімдігі уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұрап, жол жүру бағытын алдын ала жоспарлап алуға кеңес берді.