"Ақкент" тұрғын үй кешеніндегі өрт кезінде қаза тапқан әйелдің отбасына екі бөлмелі пәтер берілетін болды
Тұрғын үйді "Ayt housing Complex" ЖШС салған. Бұған қоса құрылыс салушы өрт шыққан үйде қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге уәде берді. Бұл жөнінде құрылыс компаниясының бас директоры Қанат Ералиев "Ақкент" ТК тұрғындарымен кездесу барысында мәлімдеді.
"Біз өз бастамамызбен үйді қалпына келтіру шығындарын мойнымызға алуға дайынбыз", – деді ол.
Компания өкілдерінің мәліметінше, 54 көппәтерлі тұрғын үй 2017 жылғы 7 тамыз күні пайдалануға берілген. Алайда үй 2020 жылдың қаңтарына дейін үй бос тұрған. Бұл үйге тұрғындар тек 2020 жылы қоныстаныпты.
"Лифтілерге келетін болсақ, бұл тұрғын үйде Mitsubishi лифтінің бренді 2015 жылдан бастап жұмыс істейді, тіркеу нөмірі L15-269 және L15-270. "АГ МЕЛЬКО Элеватор Казахстан Компани" ЖШС лифт компаниясы қызмет көрсетеді. Лифттерді соңғы техникалық куәландыру 2023 жылдың 27 шілдесінде жүргізілді"."Ayt housing Complex" ЖШС
2023 жылғы 1 тамыз күні Алматы қаласындағы "Ақкент" тұрғын-үй кешенінде өрт шықты. Өрттен құтылу үшін адамдар терезеден секірген. Әлеуметтік желіде өрт орнынан түсірілген бейнежазбалар тарады. Құтқарушылар оқиға орнына сағат 17:10-да жеткен. Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 1-16-қабаттар аралығындағы электр кабельдері жанып, өрт пәтерлерге тараған.
Өртенген үйден 200-ден астам адам эвакуацияланды. Өрт салдарынан 43 адам зардап шексе, бір әйел терезеден секіргенде жарақат алып, қаза тапты. Сағат 18:46-да өрт сөндірілді.
2023 жылғы 2 тамызда өткен брифингте Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Ерлан Әлібеков "Ақкент" тұрғын үй кешеніндегі өртті сөндіруге тұраққа қойылған көліктер мен өрт сөндіру техникасына арналған кіреберістің болмауы кедергі келтіргенін және тұрғын үйде бірнеше бұзушылықтар анықталғанын айтты.