Жамбыл облысындағы шаруалар төтенше жағдай режимін енгізуді талап етіп отыр
Міне қызылша, тамырын көрдіңіз бе? Миллиондаған ақшам кетті. Осының шығынын енді қайдан аламын?
Шаруа Маут Фазуловтың 90 гектар егістігі қурап кеткен. Ол несиеге 20 миллион теңге алған. Маут Фазуловтың айтуынша, оның егістігі биылдыққа 6-ақ рет су ішкен.
"Мен де сотқа беремін, "ҚазСуШар"ды. Өйткені су алу үшін, егу үшін оларға барып шартқа тұрғанмын. Су бересіңдер ме? Береміз. Айтпауы керек еді! Бұндай болатынын біліп, неге алдын ала болжап, тексермеді? Адамды алдап? Сонша ақшаны жерге тастап! Олардың ақымақтығына күйінеміз! Одан кейін үкімет күйеді. Үкімет "одан кейін төлеймін" дейді. Шаруа қожалығының басшысы Маут Фазулов
Қордай ауданында да шығынға батқан шаруалар бар. Мұнда 6 мың гектардың егіні еш кеткен. Сондай-ақ Таластағы 52 гектар өнім мен Байзақтағы 2 мың гектар қызылша қурап қалғалы тұр. Өйткені аталған аудандардың күні Қырғызстанның суына қарап тұр.
КТК телеарнасы Қырғызстандағы Киров су қоймасының қазіргі ахуалын түсірген. Жамбылдағы бірнеше ауданның диқандары еккен егінінен қаншалықты өнім алатыны тікелей осындағы суға байланысты екен. Алайда мұндағы жағдай қазір мәз болмай тұр. Себебі қоймадағы су қоры былтыр 144 миллион болса, биыл небәрі 28 миллион текше метрді құрайды, яғни бұл - бес есе кеміді деген сөз.
Орташа есеппен су қоймаға 45-60 текше метр су түсуі керек. Ал бүгінгі сәуір айынан бастап бүгінге дейін орташа есеппен санағанда бір-ақ текше метр су түскен. Жалпы көлемін санағанда 250 текше метр су түскен жоқ. Кейінгі 50 жылда мұндай болмаған. "ҚазСуШар" РМК Жамбыл облысы филиалы директорының міндетін атқарушы Ерлан Өтегенов
Ал Қырғызстан тарапы "таудағы температура тұрақсыз, өзімізге жетпей жатыр" деп жауап берген.
"Иә, қырғыздар айтып отыр, келесі жылы 500 млнға емес, су аздығына байланысты 400-350 млн-ға жоспар жасаңдар деп отыр. Бірақ көреміз ғой. Келіссөз жүргіземіз. Әлі анализ жасалынады". "ҚазСуШар" РМК Жамбыл облысы филиалы директорының міндетін атқарушы Ерлан Өтегенов
Қазір Жамбылдағы он ауданның басым бөлігі төтенше жағдай жариялауды талап етіп отыр. Ал бұл жағдайға қатысты жергілікті билік сараптама аяқталғаннан кейін ғана мәлімдеме жасайтынын айтқан.