"Жер алып беремін": Түркістан облысында танысын алдаған азамат анықталды
Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, танысы "12 соттық жер алып, заңдастырып беремін" деп сендіріп, 900 мың теңгеге жуық ақшасын жымқырған.
Алайда бір жылдан астам уақыт өтсе де, не жерін ала алмаған, не ақшасын қайтармаған. Аталған фактіні полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша тіркеді.
Тәжірибелі полицейлерден құрылған жедел-тергеу тобы жергілікті тұрғынды уысына түсірген алаяқты ұстауға қажетті шараларды жасады.
Жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке басы анықталып, ол полиция бөліміне жеткізілді. Белгілі болғандай, күдікті ірі көлемдегі ақшаны өзінің жеке бас пайдасы үшін жаратып жіберген.
Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.