Айбат Ілиясов: Шымкент республикамызда цифрлық технологияларды енгізу бойынша алдыңғы қатарда
"Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт" тақырыбындағы республикалық тамыз кеңесінің аясында Шымкент қаласында өткен жиын барысында оқу-ағарту министрінің орынбасары Айбат Ілиясов осылай деп мәлімдеді.
Айта кетейік, республикалық тамыз кеңесінің Астана қаласында өткен пленарлық отырысыында Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесіне қатысушыларына жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Сонымен қатар ҚР Оқу-ағарту министрі білім саласындағы жетістіктер мен жаңа оқу жылындағы жаңалықтар жөнінде кең ауқымды баяндама жасады.
Сурет: Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Мұнан кейін тамыз кеңесі республиканың 20 өңірінің әрқайсысында әртүрлі тақырыптар бойынша жалғасын тапты. Шымкент қаласындағы жиын білім беру ісіне цифрлық технологияларды енгізу, мектептерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамту және білім саласындағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру мәселелеріне арналды. Тамыз кеңесін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жүргізіп отырды.
Қала әкімі аталған іс-шараның секциялық отырысында білім саласын цифрландыру бойынша 30-дан астам үздік авторлық жобалардың шеруі өтіп, осы тақырыптағы маңызды мәселелер қозғалған баяндамалар жасалғанын атап өтіп, бұл технологиялардың білім сапасына оң әсер ететініне сенім білдірді.
Әйтенов, әсіресе, білім саласындағы мемлекеттік қызметтерді цифрландырудың үлкен маңызға ие екеніне тоқталып өтті.
"Осыдан 3 жыл бұрын Шымкент қаласында білім саласына қатысты арыз-шағымдар өте көп түсетін еді. Осыған байланысты біз білім саласындағы сыбайластық қаупін азайту, педагог кадрларды іріктеудің ашық әрі әділетті жүйесін қалыптастыру және білім беру ұйымдарына жұмысқа қабылдау процесін автоматтандыру мақсатында Hr-process деген арнайы жобаны жүзеге асырдық. Осының нәтижесінде бүгінде білім саласында тәртіп орнап, арыз-шағымдар мен наразылықтар азайды. Шымкент қаласының осынау үздік тәжірибесі бүгінде бүкіл республикаға таратылып жатыр", – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Сурет: Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Жиында еліміздің оқу-ағарту министрінің орынбасары Айбат Ілиясов білім саласын цифрландыру үрдісі жайлы баяндама жасап, Шымкент қаласының бұл бағыт бойынша республикада алдыңғы қатарда екенін атап өтті.
"Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында барлық салаларды цифрландырудың маңызына тоқталып өткен болатын. Соған сәйкес, білім саласында цифрлық мазмұнға қол жеткізу үшін оқытудың цифрлық платформалары жасалды. Бұл жұмысты құқықтық тұрғыда реттеу үшін министрдің арнайы бұйрығы жарық көрді. Соның нәтижесінде бүгінде еліміздің 7 мыңнан астам мектебінде онлайн платформалар мен цифрлы оқулықтар пайдаланылып келеді. Онлайн платформаларды және өзге де цифрлық технологияларды белсенді пайдалану бойынша Шымкент қаласы Жамбыл және Ақмола облыстарымен бірге республикада алдыңғы қатарда келеді", – деді Айбат Болатұлы.
Айта кетейік, тамыз кеңесінде Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Дәурен Ерғарин және өзгелер білім саласындағы өзекті мәселелер бойынша ойларын ортаға салды.
Сурет: Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі