Қарағанды облысындағы әлеуметтік мекемеде уланған тағы бір бала қайтыс болды

Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
"Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының балалары Қарағандыдағы ауруханаларда ем алуды жалғастыруда. Алайда дәрігерлер қанша тырысқанымен бір науқасты аман алып қалу мүмкін болмады. Көпсалалы қалалық балалар ауруханасында жатқан 2012 жылы туған ұл бала 28 тамызда қайтыс болды. Өте қиын терапия тактикасы үнемі республикалық мамандармен талқыланды ".
Бөлімдегілер баланың өліміне жүрек жеткіліксіздігі себеп болғанын түсіндірді.
"Тағы бес бала жансақтау бөлімінде жатыр. Олардың жағдайы тұрақты ауыр". Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі
Қарағанды облысындағы балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жаппай улану орын алды. Облыс әкімдігінің хабарлауынша, 2023 жылдың 30 шілдесінде орталықтағы екі бала өзін нашар сезінген: құсу және нәжістері босаңсыған. Осы мекеменің тағы 10 баласы 31 шілдеде осындай белгілермен ауруханаға түскен. Дәрігерлер қанша тырысқанымен бір баланы аман алып қалу мүмкін болмады. 1 тамыз күні ауруханаға тағы екі бала түскен. Балалардың жаппай улану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, ол облыстың арнайы прокурорларының басқаруына берілді.
2 тамызда екі баланың жағдайы жақсарғандықтан ауруханадан шығарылды. Олар облыстық клиникалық аурухананың жұқпалы аурулар орталығының бөлімшесінде емделді. 3 тамызда жалпы жағдайының жақсаруына байланысты тағы екі бала шығарылды, олар 31 шілдеде нейробокс бөліміне түскен.
Бас прокуратура елдегі жаппай уланудан кейін балаларға арналған барлық арнайы орталықтарды тексеретіндерін айтты.