Қазақстандық өндірушілердің тауар айналымы 22%-ға өсті
Негізінен экспортталатын өнімдер металлургия және химия өнеркәсібі, атап айтқанда, мыс және мыс катодтары, ферроқорытпа, уран, мұнай өнімдері, өңделмеген мырыш пен алюминий, ыстықтай прокатталған жалпақ бұйымдар, табиғи газ.
Сонымен қатар шетелдік тұтынушылар да Қазақстанда өндірілген бидай ұнын, күнбағыс майын, минералды тыңайтқыштарды белсенді түрде сатып алуда. Оның ішінде 155,9 мың тонна күнбағыс майы экспортталды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33,4%-ға артық.
Жалпы былтырдан бері күнбағыс майын сыртқы нарыққа жеткізуді арттыру үрдісі байқалуда. 2021 жылмен салыстырғанда, 2022 жылдың қорытындысы бойынша күнбағыс майының экспорты 3 есе өсіп, $346,4 млн құрады. Сонымен қатар өткен жылы отандық өндірушілер маргарин жеткізу көлемін 2,7 есеге арттырып, $88,8 млн-ға жеткізді.
Экспорттық жеткізілімдердің ең көп көлемі Ресейге, Қытайға, Өзбекстанға, Түркияға, алыс шет елдерден – Нидерланды, Ұлыбритания, Жапонияға жөнелтіледі. Биылғы жылдың алты айында қазақстандық дайын өнімді импорттаушы елдердің географиясы 114-тен 125-ке дейін кеңейді.