БҚО-да балалар туризмін дамыту мәселелері талқыланды
Жиынға ҚР Оқу-ағарту, ҚР Туризм және спорт, Экология және табиғи ресурстар министрліктерінің, "Ассамблея жастары" РҚБ, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы АҚ өкілдері, туристік-өлкетану, экологиялық-биологиялық бағыттағы қосымша білім беру ұйымдарының басшылары мен орынбасарлары қатысты.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Райса Шердің төрағалығымен өткен жиында өскелең ұрпақты туған өлкенің экологиясына құрметпен қарауға тәрбиелеу және осы саладағы өзекті мәселелер талқыланды.
Жиынға қатысқан Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов балалар мен жасөсіпірімдер туризмінің әлеуметтік-экономикалық мәні бар екендігін атап өтті.
Сурет: БҚО әкімінің баспасөз қызметі
"Өңірімізде туризм және экология тұрақты дамуда. Мемлекет басшысы Қасымжомарт Тоқаев "Әр баланың бойына патриоттық сезімді қалыптастыруда балалар-жасөспірімдер ұйымдарының септігі зор" деген болатын. Адамзаттың жинақтаған өмірлік тәжірибесін жас ұрпаққа берудің, патриотизмді қалыптастырудың, ұлттың рухани адамгершілігі мен мәдени дамуының басты құралы ретінде балалар мен жасөспірімдер туризмі ерекше маңызға ие", – деген Бақытжан Қаберұлы басты мақсат дені сау, бақытты ұрпақ тәрбелеу екендігін алға тартты.
Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда қоғамдық көзқарас тұрғысынан неғұрлым өзекті болып отырған экология проблемаларына назар аудару, жоғары оқу орындары мен мектептерде экологиялық білім беруде республиканың білім беру ұйымдары белгілі бір деңгейде жұмыс жүргізуде. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Райса Шер балалар туризмін дамытудың негізгі мәселелеріне тоқталды.
"Кеңейтілген отырыста бір-бірімізбен тәжірибе алмасып қана қоймай, проблемалық мәселелерді шешу жолдарын қарастырудамыз. Бүгінгі таңда материалдық-техникалық базаны жақсарту, саланы дамыту маңызды болып отыр. Кей аймақтарда мәселен, Қызылорда, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында балалар мен жаөспірімдер стансасы әлі күнге ашылмаған. Бұл өзекті мәселе. Сондай-ақ кадрларды қалыптастырып, біліктілікті арттыру да өте маңызды", – дейді журналистермен тілдескен Райса Шер.
Сурет: БҚО әкімінің баспасөз қызметі
Экологиялық тәрбие – бұл табиғатпен үйлесімді экологиялық сана мен мінез-құлықтың бірлігі. Өскелең ұрпақтың экологиялық санасын қалыптастыруда мектептен тыс ұйымдар маңызды рөл атқарады. Осы бағытта кеңеске қатысушылар өз ойларымен бөлісіп, балалар туризмін дамытудың жоспарын құрып, тұжырымдамасын бекітпек ниетте. Бұл ретте олар Мемлекет тарапынан қолдау қажеттігін де ортаға салды.
Батыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығы – республикада 63 жылдан бері үздіксіз жұмыс жасап, тәжірибесін жаңартып, дамып отырған орталық. Республика бойынша 40 туризм орталығы болса, соның 14-і Батыс Қазақстан облысында. Яғни, 2 облыстық және қалалық туризм, экология орталығы, 12 аудандық орталық пен жас туристер станциялары жұмыс істейді.