Жамбыл облысындағы жарылыс: сарбаздарға үкім оқылды
Сондай-ақ, сотталған сарбаздар 25 миллиард теңге шығынды өтеуге міндеттелді. Ал тергеу кезінде күдікті деп танылған төрт офицер ақталды. Оқиға кезінде әскери бөлім бастығының міндетін атқарған Аслан Бақытжанов, оның орынбасары Руслан Несіпқалиев пен екі офицер Ерлан Бошай мен Берік Омарбеков шендерінен айрылғанымен, кінәсіз деп танылды. Судья 82 адам жараланып, 18 әскеридің өмірін қиған жарылысқа қатардағы жауынгер Әсет Әшірбай мен Ерболат Тұранов айыпты деп танып, олардың әрқайсысына 9 жылдан жаза кесті. Бұл туралы otyrar.kz хабарлады.
"Тұранов Ерболат, Әшірбай Әсет әрқайсының жәбірленуші өтемақы қорына 15 айлық есептік көрсеткіш 43 мың 700 теңге сомасын мәжбүрлі түрде өтейді". Шымкент гарнизоны әскери сотының судьясы Бөрлібай Қайыпов
Үкім оқылып жатқан сәтте сотталған сарбаздар мен туыстарының айғайға басты. Жауынгерлерді әкетіп бара жатқанда артынан қаумалаған жақындары сот өкілдері және әскерилермен жаға жыртысты.
9 жылға бас бостандығынан айрылған сарбаздардың туыстары тергеу кезінен бастап 22 жастағы жігіттерге қысым көрсетілгенін айтып отыр.
"Баламды диверсия деген статьямен қорқытады. Шақырады да 27 жылға осымен жіберем сені дейді. Балам көнбейді. Онда да айтады 18 адам бізден сұрап тұр, кім өлтірген деп. Қазір адресіңді берем әке-шешеңді білесің тас талқан қылады дейді". Сотталушы Ерболат Тұрановтың анасы Жанар Қадырова
Ал сарбаздардың адвокаты сот барысында келтірген бірде бір дәлеліміз назарға алынбады дейді. Әскери борышын өтеп бітуіне бір ай ғана қалған қос сарбаз 3 қабат қорғанышы бар тас қамал қойманы бұзып, шүберекпен өрт шығарды деген миға сыйымсыз деп отыр.
"Қалдарбек өзінің жауаптарын көрсету барысында сол топырақ үйіндісінің жанына келіп, мен осы жерде көрдім Әшірбайды деген жері топырақ үйіндісінің артында тұрған адамды ол 450 метр жерден көзі рентген болмаса көруі мүмкін емес. Ол соны көрдім деп отыр. Шын айыпталушыны табу, анықтау бұл тергеу органдарының құзыретіне кіреді. Солар анықтау қажет еді. Мен жеңіл жол табылып, дайын тұрған екі сарбазға іліп жіберді ма деген күмән күдігім бар". Сотталғандардың қорғаушысы Сағадат Әміре
Еске салайық, әскери бөлім қоймасындағы жарылыс 2021 жылдың тамызында болған еді. Жарылыс салдарынан 82 адам жараланып, 18 адам қайтыс болған.