Жаңаарқа ауданында көпбалалы отбасыларға арналған пәтер кілттері табысталуда
Еліміздің әр азаматы үшін айтулы мереке – Республика күніне орай ауданымызға қарасты Ақтүбек ауылында 4 көпбалалы отбасы баспанаға ие болды.
Ауылдың дәл ортасынан салынған 2 қос пәтерлі тұрғын үйдің кілтін аудандық мәслихат төрағасы Юржан Бекқожин және аудан әкімінің орынбасары Алмаз Әбдіғожин табыстады. Жыл сайын көркейіп, гүлдене түскен ауданымыз үшін осы бір сәт даму мен жаңа белеске көтерілудің дәстүрлі жалғасы болып отыр.
Сурет: Ұлытау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Айта кетейік, бүгінгі таңда көп балалы аналарға арналып аудан орталығында 8 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатса, ауданымызға қарасты 7 ауылдық округте 9 екі пәтерлі үй салынып, қолданысқа берілуге жақын. Оның ішінде Айнабұлақ, Орынбай, Бидайық ауылдарындағы үйлер осыған дейін табысталып үлгерсе, дәл бүгін Ақтүбек ауылындағы отбасылар қоныс тойын тойлады.
Бидайық және Орынбай ауылдық округтеріндегі тұрғын үйлерді Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы төрт отбасына салтанатты жағдайда табыс етті.
Сурет: Ұлытау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Сонымен қатар жыл сонына дейін Жаңаарқа кентінде, Жұмажанов, Қараағаш, Түгіскен ауылдық округтерінде қоныс тойлары тойланатын болады.