Ақтөбе облысында ферроқорытпа зауытының қызметкерлері үшін жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады
Оған қатысушылар Отбасы банкінен жеңілдетілген жылдық 5% үстемемен (жылдық тиімді үстемақысы 5,2%-дан басталады) займ ала алады. Бұл жерде металлургтерге міндетті бастапқы жарна мөлшері – 10%.
Өзара ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, Отбасы банкі төрайымының орынбасары Нұрлан Ақшанов пен Еуразиялық Топ (ERG) Бас директорының қаржы жөніндегі орынбасары Данияр Рахматуллаев қол қойды.
Сурет: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Сурет: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Бағдарламаны іске асыру үшін әр тарап 700 млн теңгеден қаражат бөледі. Нәтижесінде оның жалпы бюджеті – 2,1 млрд теңгені құрайды. Бұл 110 отбасының баспаналы болуына мүмкіндік бермек.
Зауыт қызметкерлері арасында баспананы үлестіруде әкімдікте кезекте тұрғандарға басымдық беріледі. Металлургтер Ақтөбеде бастапқы немесе екінші нарықтағы пәтерлерді өздері таңдайды.
"Биыл біз Ақтөбе облысында рекордтық көлем – 1,2 млн м2 тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Бұл көптеген отбасының тұрмыс жағдайын жақсартып, аймақтың инвестициялар мен өмір сүру тартымдылығын арттырады. Ақтөбе ферроқорытпа зауыты сынды өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметкерлеріне, қарапайым еңбек адамдарына жеңілдікпен баспаналы болу мүмкіндігін ұсына отырып, біз олардың орнықты әрі тұрақты дамуына жағдай жасаймыз. Облыс әкімдігі әрдайым осындай әлеуметтік маңызды жобаларды қолдап, өзге де қуатты кәсіпорындарды ERG тәсілін қолдануға шақырады",– деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжане Елеуов.
Үйлі болудан үміттілер тізімін "Қазхром" ТҰК" АҚ жанынан құрылатын тұрғын үй комиссиясы жасайды. Бағдарламаға соңғы 5 жылда өзінің және отбасы мүшелерінің атында ҚР аумағында баспанасы болмаған, тұрғын үйге мұқтаж қызметкерлер қатыса алады.
"Біз бүгін қуанышты себеппен – Ақтөбе тұрғындары, соның ішінде Ақтөбе ферроқорытпа зауытының қызметкерлеріне жеңілдетілген бағдарламамен баспана алу мүмкіндігін ұсыну мақсатында жиналып отырмыз. ERG қызметкерлерінің өздерін бақытты сезінгені ерекше маңызды. Себебі, пәтер – тек баспана ғана емес, балаларымыз ер жетіп, өміріміздің ең қуанышты сәттері өтетін ыстық ұя", – деді Еуразиялық Топ (ERG) Бас директорының қаржы жөніндегі орынбасары Данияр Рахматуллаев.
Тек соңғы 7 жылда Ақтөбе ферроқорытпа зауытында еңбек етіп жүрген 180 металлург баспаналы болған.
"Отбасы банкі күн сайын 250 отандасымыздың жеңілдетілген шартпен баспаналы болуына мүмкіндік беруде. Қарапайым еңбек адамдарының үйлі болып жатқаны – қуантарлық жағдай. Кәсіпорын қызметкерінің баспаналы болуы, оның отбасы мүшелерінің де өз үйі болады деген сөз. Яғни, бұл – тек бір адам емес, бірден 3-4 адамның қуанышы. Біз олардың отбасыларына ырыс-береке тілейміз", – деді Отбасы банкі төрайымының орынбасары Нұрлан Ақшанов.