Басы дауға іліккен Лаура Мырзағалиға қатысты қызметтік тергеу басталды
Бұл туралы медициналық мекеменің Instagram-дағы парақшасында ақпарат жарияланды.
"A-Class Medical" сенімгерлік басқарушы компания медициналық директор Л.М.Мырзағалидың жүргізіліп жатқан қызметтік тергеуге байланысты қызметінен босатылғанын хабарлайды. Бұл шешім жергілікті интернет-басылымдардың ашық беттерінде ұсынылған дәлелдер мен материалдар негізінде қабылданды", делінген 2023 жылдың 20 қарашасындағы хабарламада.
Медициналық директорды орнынан алып тастаудағы мақсат – Талғар аудандық орталық ауруханасының медицина қызметкерлеріне қатысты заңсыз әрекеттерді тергеудің объективтілігін қамтамасыз ету.
"Қызметтік тергеу жүргізу үшін құрылған комиссия ұсынылған фактілер мен мән-жайға талдау жасайды. Басқарушы компания тергеу барысында объективтілік пен әділдік принциптерінің сақталуына кепілдік береді", делінген хабарламада.
Сондай-ақ Талғар аудандық орталық ауруханасы қызметкерлерінен сабыр сақтап, тергеу аяқталмайынша БАҚ пен әлеуметтік желіде мәлімдеме жасамауды сұрайды.
Айта кетсек, 2022 жылы көктемде Лаура Мырзағали Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысы қызметінен босатылған болатын. Оған қызметкерлерімен дөрекі қарым-қатынас ұстайды деген айып тағылған. Нақтысында, оның өз әріптестеріне дауыс көтере сөйлеп, қызметкерлеріне әрқалай қатынас ұстанатындығы айтылған. Бұл жайттың видеосы да желіде жарияланған болатын.