Жетісуда өнеркәсіп өндірісі көлеміндегі өңдеу секторының үлесі – 80%
Сурет: Жетісу облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Бұл жайлы бүгін журналистерге Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Астана қаласында өткен брифингіде айтып берді, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Баяндамашының айтуынша, өңірде өнеркәсіп өндірісі көлеміндегі өңдеу секторының үлесі 80%-ға жеткен. Облыста негізгінен ашытқы (уыт), электрлі аккумуляторлар, жоғары вольтты электр тарату желілеріне арналған темір бетонды және металл тіректер өндіріледі. Биыл 12 жаңа кәсіпорын пайдалануға беріледі. Соның ірілері – керамикалық плиталар шығаратын "Алмаз Керамикс" кәсіпорны, күн панельдерін шығаратын "Майами Солар" кәсіпорны және "EcoWattAKA" компаниясының жел электр стансысы.
Ал "Қорғас – Шығыс қақпасы" арнайы экономикалық аймағы мен "Қорғас" ХШЫО – облыстағы даму нүктесінің бірі. Мұнда қазір 2030 жылға дейін жалпы инвестиция көлемі 622 млрд.теңге болатын 52 жобаны іске асыру жоспарлануда.
"Тау-кен саласын дамыту шеңберінде құны 1,3 трлн. теңге болатын, 2 мыңнан астам жұмыс орнын ашатын металлургия комбинатының құрылысы жүргізіле бастаған. Оның қуаты жылына 860 мың мыс концентратын өндіруге жетеді. Қазіргі кезде құрал-жабдықтар мен тауарларды сақтайтын қоймалар мен басқа да техникалық ғимараттар салынып бітті. Комбинаттың құрылысы 2025 жылы басталып, 2027 жылы аяқталады деп жоспарланған", – деді спикер.
Жалпы облыстың 2030 жылға дейінгі инвестициялық портфеліне құны 2,2 трлн. теңге болатын, 9 мыңнан астам жұмыс орнын құратын 184 жоба енгізілген.



