Жаңалықтар тізбегі
0

Жалғыздықты жеңудің жолы бар ма

Жалғыздықты жеңудің жолы бар ма?, сурет - Zakon.kz жаңалық 07.12.2023 17:16 Сурет: pixabay
Жалғыздықтың денсаулыққа келтіретін зияны күніне 15 тал шылым шеккенмен бірдей. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мәселенің маңыздылығы соншалықты, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы алдағы үш жылдың ішінде әлем бойынша жалғыздық тақырыбын зерттейтін арнайы Комиссия құрды.

Аталған ұйым жалғыздықтың зияны семіздік пен қозғалыссыз өмірдің залалынан да көп екенін айтты.

Дүниежүзілік ұйымның мәліметі бойынша, Жер шарының 40% тұрғыны семіздіктен зардап шегеді, салдарынан жылына 2,8 млн адам өлім құшады. Бұл әлемдегі өлімнің 6%-ын құрайды. Басқаша айтқанда, жалғыздық семіздікке қарағанда жиірек ажалға әкеледі.

Бұл мәселе қайдан шықты?

The Guardian мақаласында айтылған мәлімет бойынша, COVID-19 пандемиясы біткен соң жалғыздықтың шын мәнінде назар аудартарлық мәселе екені анық байқалған.

"Жалғыздық шекарадан асып, қоғамдық денсаулық сақтау саласының жаһандық мәселесіне айналып отыр. Әлеуметтік оқшаулану жас пен шекараға қарамайды", - дейді Африка жастар одағының өкілі, ДДҰ халықаралық әлеуметтік байланыстар комиссиясының мүшесі Чидо Мпемба.

Комиссия басшысы, АҚШ бас хирургы, дәрігер Вивек Мертидің сөзінше, егде жастағы адамдарда жалғыздық деменция қаупінің 50 пайызға жоғарылауына және жүректің ишемиялық ауруы немесе инсульт алу қаупінің 30 пайызға жоғарылауына байланысты. Тек кәрі адамдар ғана емес, жастар да жалғыздыққа тап болады. Көбіне негативті психологиялық және әлеуметтік себептің салдарынан.

Айта кетейік, Қазақстанда Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректері бойынша 2023 жылдың қаңтар-қазан айларында суицидтердің жалпы саны 3,4%-ға, жасөспірімдер арасында 30% - ға артты. Сонымен қатар, балалардың көпшілігі дәл жалғыздық пен ешкімге керек болмау сезімінен қайтыс болды.

"Жастар бұндай сәттерді ауыр өткереді. Өйткені жасы ұлғайған сайын адам сөйлесуден қашады, өз әлемінде өмір сүреді. Жастарға қарым-қатынас өте керек, сондықтан олар әлеуметтік желіге байланып қалады. Алайда технология алмастырушы зат ретінде қолданылғанда, ол адамды жалғыздықтан құтқармайды", - дейді қалалық перинаталды орталықтың психологы Гүлнара Дощанова.

20-25 жас аралығында жастар өзін лайықты түрде бағалай алмайды, өз жетістігін басқалармен салыстырады. Егер олар әлеуметтік тұрғыда табысты адам ретінде қалыптаса алмаса, бұл кезеңді ауыр өткереді. Өз-өзін бағалауы түскен адам белсенді түрде қарым-қатынас жасаудан қашады.

The Guardian мақаласында айтылғандай, мектепте жалғыздық сезінген адам университетте оқуын тастап кетуге бейім болады.

Егер жалғыздық сезімін сезінетініңді түсінсең, не істемек керек? Басқа адам жалғыздықтан зардап шегіп жүргенін көргенде ше? Бұл сұрақтарды біз психолог пен православты шіркеу діндарына қойып көрдік.

Алматылық психолог Алан Ахматхановтың сөзінше, қарым-қатынастың сапасы бірінші орында тұрады. Яғни біз қаншалықты адамдардың алдында шынайы бола аламыз, сол маңызды. Өзіміз үшін маңызды нәрселер туралы қаншалықты айта алатынымыз маңызды. Адамдар бір аумақта, бір шатырдың астында тұруы мүмкін. Үлкен отбасы болса да, сол жанұядағы әр адам жалғыздықты сезінуі мүмкін. Өйткені олардың арасында түсіністік, өзара сыйластық, қарым-қатынас жоқ, ешкім ешкімді естімейді. COVID-19 кезінде отбасылардың есігін сырттарынан жауып тастағанда осының бәрі анық көрінді. Адамдар жұмысынан айырылып қалғанда өмірлерінің бос екенін түсінді. Бір-бірімен сөйлесе алмайды. Қалай сөйлесетіндерін де білмейді.

Кез келген дағдыны үйренуге болады. Адамға көбірек басқалармен сөйлесу қажет екенін түсінген кезде өзінің жалғыз екенін сезінеді. Ол осы қарым-қатынасты ұйымдастыруға назар аудару керек. Оның жұмысы – қарым-қатынасты қалай жасайтынын ойластыру. Әртүрлі тәсіл бар. Ең дұрысы – бетпе-бет сөйлесу. Жексенбі сайын тауға шығатын үйірмеге жазылуға болады. Биге, актерлік шеберлік курсына, құмнан пішін жасайтын сабақтарға жазыла алады. Биде дене тілі көп.

Егер ол осы нәрселерді істей алмаймын дейтін болса, өткен шақтағы қарым-қатынастарынан алған жарақаттарымен жұмыс істейміз. Мысалы, адам мектепте біреумен дос болады, кейін ол досынан сатқындық көріп, екеуі екі айырылса, адам өз-өзінен тұйықталып, өзімен ғана сөйлесіп, өзгелерге сенімсіздік танытып тұрады.

Екінші нәрсе – дисфункционалды отбасы. Мысалы, анасы не әкесі балаға суық болса, басынан сипамаса, құшақтамаса, жұбатпаса, көңіл-күйін сұрамаса, ол да өздерінің жан-дүниесі жарақатқа толы екенін білдіреді. Олар тек тамақ беру, кір жуу, үй жинау қызметтерін ғана атқаруы мүмкін.

Ондай жағдайда бала қарым-қатынас жасауды үйрене алмайды, жылулық сезінбейді. Ол тек сабақтан бес алып келіп, анасына еден жууға көмектесуді ғана білетін болады. Басқа адамдарға да сондай көзқараспен қарайды. Әлбетте іштей жалғыздықтан зардап шегеді.

Үшіншісі – өз-өзіңмен қарым-қатынас. Мысалы, басқалардың бәрі арық, өзі семіз болса. Немесе басқалардың бәрі алгебраны жақсы біледі, ал ол білмеймін деп ойласа. Бұндай жағдайларда адам "басқалар сияқты емеспін" деген оймен өмір сүреді.

Жалғыздықтан арылудың ең жақсы жолы – махаббат.

Астана Успенский кафедралды соборының клиригі, дін қызметкері Виктор Дрожниковтың сөзінше, жалғыздық дегеніміз – дағдарыс, өмірдің мәнін түсінуге арналған алаң. Жалғыздықты жеңу үшін Құдаймен байланысты реттеу керек. Ештеңесі жоқ адамға, мысалы жалғызбасты кәрі кісіге, балалар үйіне немесе еріктілер ұйымына бару керек. Олардың өмір туралы әңгімелерін тыңдап, бір сәт өзгенің тұрмысына көз жүгірткен жөн. Уақытың мен күшіңді өзгеге беру арқылы жалғыздықты қууға болады.

Көбіне жалғыздыққа ішкі бос кеңістік әкеледі. Ішкі бос кеңстікті Құдаймен тілдесу арқылы толтыруға болады. Жалғыздықтың дәрісі – Құдайды тану, бұл тұрғыда әркімнің жолы әртүрлі.

Мейіргүл Оңғарова

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: