Еліміздің сегіз қаласында ауа сапасы нашарлайды
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар Астана, Ақтөбе, Қарағанды, Теміртау, Өскемен, Семей, Риддер және Петропавл қалаларында тіркеліп отыр.
Қолайсыз метеожағдайлар (ҚМЖ) - атмосфералық ауаның беткі қабатында зиянды (ластаушы) заттардың жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді метеорологиялық факторлардың (тынымық, желдің болмауы, тұман, инверсия) жиынтығы. ҚМЖ пайда болған кезде елдімекендердегі атмосфералық ауа сапасының нашарлауы мүмкін.
Ластану деңгейінің қалыптасуын анықтайтын маңызды факторлардың бірі - синоптикалық жағдайдың болжамы (жел, жауын-шашын, ылғалдылық, ауа температурасы).
Қолайсыз ауа райы жағдайында мыналар ұсынылады:
- ашық ауада, әсіресе тас жол немесе басқа ластану көздерінің бойында болу уақытын қысқарту;
- балалар мен жүкті әйелдерге сыртта ұзақ серуендеуге болмайды;
- өкпенің созылмалы ауруларымен, жүрек-қан тамырлары, аллергиялық аурулармен ауыратын адамдар ашық ауада болған кезде өздерімен бірге дәрі-дәрмектерін алып жүруі керек;
- ашық ауада физикалық белсенділікті шектеу қажет. Дене шынықтыру және спортпен шұғылдану жабық спорт кешендерінде жүргізіледі.
Айта кетсек, Қазақстанның жеті өңірінде дауылды ескерту жарияланған болатын. Алматы, Павлодар, Маңғыстау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Жетісу облыстарында қар жауып, тұман түсіп, кейбір өңірде -42 градусқа дейін аяз болады деп күтіледі.