Алматыға қалың қар жауды
Сағат 09:00 - дегі жағдай бойынша қалада және таулы жерлерде 13-15 см қар жауды.
"Қар жауа бастағаннан бері жолдардың жүріс бөлігін көктайғаққа қарсы материалдармен өңдеу жүргізілуде. Тротуарлар, жалпы пайдалану орындары, қоғамдық көлік аялдамалары, жер үсті өткелдері қардан тазартылуда." Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Түнгі кезеңде жол полициясының патрульдік машиналарының бірге еріп жүруімен қарды тырмалау бойынша сыпыру-жинау машиналарының 17 колоннасы ұйымдастырылды. Магистральдық көшелерден 635 м3 қар сыртқа шығарылды. Жалпы қардан тазарту жұмыстарына 50 жедел патрульдік бригада, 325 бірлік арнайы техника, оның ішінде 167 құм таратқыш, 1154 жол жұмысшысы жұмылдырылды. Қар тазалау жұмыстарының өндірісін бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.
"Қазгидромет" РМК болжамы бойынша қар 15 сағатқа дейін біртіндеп жауады деп күтілуде. Күндіз ауа температурасы минус 10 - 12, кешке -16 градусқа дейін төмендейді. Түнде минус 23- 25 градус аяз. 13 желтоқсаннан 14 желтоқсанға қараған түні минус 25- 27 аяз болады деп күтілуде. Сондықтан, коммуналдық қызметтердің көктайғаққа қарсы жұмыстарды жедел және сапалы жүргізуін қамтамасыз ету мақсатында тағы да автокөлік жүргізушілердің жолды қардан тазартуға түсіністікпен қарауды, мүмкіндігінше қала бойынша қозғалысты шектеуді және жеке автокөлікті жол жиектеріне қоймауды сұраймыз.
"Жеке көлікпен жүрудің шұғыл қажеттілігі кезінде жүргізушілерді жылдамдықты төмендетуге, күрт тежеуге жүгінбеуге, қашықтықты, бүйірлік аралықты және маневр жасау ережелерін сақтауға шақырамыз. Жаяу жүргіншілер тротуарларда жүргенде абай болу, белгіленген жерлерде көшелерді кесіп өту керек, қарттар мен балаларға көмек көрсеткен жөн." Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Қарды сапалы тазалау бойынша тұрғындар Алматы қаласы әкімдігінің "Open Almaty" қоғамдық қабылдауына, 1308 байланыс орталығына жүгіне алады.