Инклюзивті білімнің мақсаты мен маңызы неде
Әдетте "ерекше балалар" деп дамуы қалыпты жағдайдан өзгеше, соның ішінде, аутизм спектрінің бұзылуы бар балаларды айтады. Бүгінгі таңда Қазақстанда ерекше қажеттіліктері бар балалар саны 188 мыңнан асады.
Бүкіл әлемде аталған мәселе кешенді шаралар арқылы шешіледі, бірақ негізгі шешім – инклюзивті қоғамды қалыптастыру. Бұл – жынысына, жасына, этникалық тегіне, мәртебесіне, физикалық немесе менталдық жағдайына қарамастан әркім өзін жайлы әрі толыққанды сезінетін қоғам. Және мұндай қоғамды дамытудың алғашқы қадамы –инклюзивті білім беру.
Жалпы, ХХІ ғасыр бүкіл әлемде инклюзивті білім беру проблемасының аясында өтіп жатыр. 2008 жылы Қазақстан Мүгедектердің құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық конвенцияны, 2016 жылы Білім беру саласындағы кемсітушілікке қарсы күрес туралы конвенцияны ратификациялады. 2020 жылдан бастап қазақстандық мектептер инклюзивті болды. Заң бойынша, елдің барлық азаматтарына жеке мүмкіндіктеріне қарамастан, білім берудің қолжетімділігіне кепілдік беріледі. Бірақ іс жүзінде инклюзивті білім беру мәселелері әлі шешілген жоқ.
2018 жылдан бері Алматыда еліміздегі алғашқы Әлеуметтік инклюзивті бағдарламалар орталықтарының бірі жұмыс істей бастады. Онда ерекше қажеттіліктері бар балалар оқиды. Олардың арасында физикалық және менталдық дамуы тежелген, соның ішінде аутизм және церебралды сал ауруына шалдыққан балалар бар.
Осы орайда, аталған орталықтың негізін қалаушы Салтанат Мурзалинова-Яковлевамен сөйлестік. Ол көптеген жылдар бойы елде инклюзивті қоғам мен білімді дамытуға тырысып келеді.
– Салтанат, инклюзивті білім беру дегеніміз не? Оның мақсаты мен маңызы неде?
– Инклюзивті білім – бұл әдістемеде, сабақтарды ұйымдастыру қағидаларында әртүрлі балалардың қажеттіліктері ескерілетін білім. Мұғалім көрнекі материалдар дайындап, жобалық жұмыстар жүргізеді, сыныптағы балалардың ерекшеліктеріне байланысты әр сабақты ойластырады. Жалпы, инклюзивті мектепте әкімшілік, техникалық қызметкерлер, бәрі қайта құрылады. Инклюзияның маңызды қағидалары – қабылдауға дайын болу, эмпатия. Инклюзия дегеніміз – ерекшеліктері бар адамның қоғамға сай өзгеруі емес, керісінше, қоғамның осындай адамдар үшін қолайлы орта тудырып, икемді болуы.
Білім берудің инклюзивті түрінің артықшылығы – егер қарапайым және ерекше балалар бала кезден бірге оқыса, өзара әрекет етсе, кедергілер жойылады. Болашақта олар бір-біріне жұмыс орындарын ойлап табады, ерекшеліктері бар баланы қалай іске араластыру керектігін түсінеді, мұндай адамдарға көмектеседі. Сөйтіп, ерекшеліктері бар адамдар сұранысқа ие болады. Салық төлеп, ел экономикасын дамытуға өз үлесін қосады. Бұл өте маңызды.
– Қазақстанда инклюзивті білім беруді дамыту үшін не істеу керек?
– Бұл бірінші кезекте кадр мәселесі. Кадрларды оқыту қажет, біз инклюзия бойынша мамандарды "жетілдіретін" академия болғымыз келеді. Мұнда ағартушылық жұмыстың да, ақпараттық жұмыстың да маңызды екенін түсіну керек. Бұл кешенді жұмыстарды қажет ететін сұрақтардың кең ауқымы.
– Бүгінде әртүрлі спектрдегі ауытқулары бар балалар саны артып келе жатқаны рас па?
– Иә, әрине. Мұны халықаралық зерттеулер де көрсетеді. Аутизммен ауыратын балалар саны өсуде. Мәселен, COVID-19-дан кейін көптеген неврологиялық асқынулар байқалуда.
– Бұл жағдайға мемлекет дайын ба? Білім беру жүйесін өзгерте отырып, қоғам мен кадрларды даярлау процесін жеделдету қажеттілігі бар ма?
– Менің ойымша, мемлекет бұл жағдайды байқамауды жөн көреді. Немесе әлі күнге дейін мұндай балаларды әлеуметтік процестердің әлеуетті қатысушылары ретінде емес, тек әлеуметтік көмек алушылар ретінде қарастырады.
Дегенмен, біз дабыл қағуымызды тоқтатпасақ, мемлекет тарапынан міндетті түрде жауап болады. Әйтеуір, қоғамның немқұрайлық танытпай, мәселеге атсалысуының арқасында оң өзгерістер бар. Қоғам елде инклюзияның дамуына мүмкіндіктер жасап жатыр.