Жаңалықтар тізбегі
0

Кинотуындылар адамның мінез-құлқына қаншалықты әсер етеді?

Кинотуындылар адамның мінез-құлқына қаншалықты әсер етеді?, сурет - Zakon.kz жаңалық 21.12.2023 16:35 Сурет: pixabay
Қазіргі таңда телеарналар мен платформаларда әртүрлі заңға қайшы тақырыптарды қозғайтын сериалдар көбейді. Осыған орай, қарақшылық, есірткі туралы фильмдер көрген адам соның әсерінен теріс жолға түсуі мүмкін бе деген сұрақ туындайды.

Бұл мәселеге қатысты психологтың және танымал отандық "Шекер" сериялы режиссерінің пікірін біліп көрдік.

Әлемдегі ең танымал стримингтік қызметтердің бірі Netflix адамдардың күніне орта есеппен сериал көруге қанша уақыт жұмсайтын есептеді – бұл шамамен 2,5 сағатты құрады. Сауалнамаға қатысқандардың 75%-ы сериал көргенді ұнатады. Олардың көбісі өздерін сериал кейіпкерлерімен сәйкестендіретінін айтқан.

Осылайша, адамның ұнаған кейіпкеріне ұқсағысы келуі кейде оны әлеуметтік нормаларға сәйкес келмейтін мінез-құлыққа итермелеуі мүмкін. Кинотуындыларда мұндай тақырыптарды романтизациялауға тыйым салуды қолдайтындар да, картинада өмірді шынайы түрде, "қалай бар солай" көрсету керек дейтіндер де бар.

ТМД аймағында мұндай фильмдер мен сериалдарға тыйым салу жөнінде дүрбелең тууының тағы бір себебі – олардың бүгінгі күнімізбен немесе өткенімізбен байланыстырылуы. Мәселен, кең танымалдыққа ие болған "Острые козырьки" және "Во все тяжкие" сериалдары қатыгездікті көрсетеді, есірткі өндіретін және сататын адамдарды ақтайды. Бірақ, бұл бізден алыс жерде өрбитін оқиғалар және олар көркем шығарма ретінде қабылданады.

Ал отандық немесе көршілес елдердің сериалдары бізге таныс пейзаждарды көрсетеді, құлаққа таныс жаргондарды естиміз, ал кейіпкерлердің мінездері жақын, түсінікті және ұқсас менталитетке ие. Мәселен, "Бригада" 90-шы жылдардағы қиын-қыстау кезеңді еске салса, қазақстандық "Шекер" қазіргі Алматының қайнаған тіршілігін, бүгінгі қоғамдағы ауыр проблеманы көрсетеді.

Қазіргі уақытта ТМД аймағында көпшілік көрерменнің қызығушылығын тудырған фильмдердің бірі – 1980 жылдардың соңындағы Татарстан астанасындағы қылмыстық жағдайды баяндайтын "Слова пацана" сериалы. Картинада "18+" таңбасы қойылғанына қарамастан, ол мектеп оқушылары арасында да өте танымал. "Кинопоиск" қызметінде аталған туынды барлық уақыттағы ең үздік 5 сериалдың қатарына кірді.

Алайда, Татарстан билігі мұндай танымалдыққа риза емес: республика басшысы Рустам Минниханов "Қазан феномені" деп аталатын құбылысты романтизациялайтын сериалдарға жол берілмеу керектігін айтты. Сондай-ақ Татарстанның балалар омбудсмені Ирина Волынец сериалға тыйым салуды сұрады. Айтуынша, картина жастар арасында қылмыстық әлем туралы жалған идеяларды қалыптастырады.

Дегенмен, сериалдың режиссері Жора Крыжовников "Слова пацана" сериалында зорлық-зомбылық романтизацияланғанын жоққа шығарады. Оның пайымдауынша, көрерменге әрбір қылмыстың жазаланатыны айқын көрсетіледі.

Психолог және когнитивті психотерапевт Виктория Левина сериалдар адамдарға және олардың мінез-құлқына әсер етеді деген пікірмен келіседі.

– Фильмдер, телехикаялар және медиа кеңістіктегі басқа да контент мінез-құлық үлгілерінің қалыптасуына 100% әсер етеді, әсіресе, өмірлік тәжірибесі жоқ жас ұрпақ үшін. Бұған айна нейрондары жауап береді, бұл адамға көрген оқиғалары мен іс-әрекеттерін бастан өткергендей сезінуге мүмкіндік береді.

– Қандай топтағы адамдар мұндай әсерге және теріс мінез-құлық үлгісін қабылдауға бейім?

– Көбінесе халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарының өкілдеріне көп әсер етеді. Медиада көрген барлық артықшылықтарды алуға мүмкіндіктері болмағандықтан, оларда ашу пайда болып, сол нәрсеге қол жеткізгісі келеді. Адамдар қоғамға жат қарым-қатынастар – ұрлық, қауіп-қатер, агрессия және т.б. арқылы қалыптасуға тырыса бастайды.

– Неліктен көрермендерге әдепсіз әрекеттеріне қарамастан бұзақы кейіпкерлер ұнап жатады?

– Бұзақылар көбісіне ұнауы мүмкін, бірақ, бәріне бірдей емес. Олар қатал, күшті адамның бейнесін сақтағандықтан жастардың көңілінен шығып жатады. Алайда, жалаңаш агрессия санамен, ақылмен және кейбір мәселелерді басқа жолдармен шешу мүмкіндігімен өзара әрекеттеспейді. Бұл өзін-өзі танытудың ең оңай жолы.

– Жалпы, сіздің ойыңызша, қарақшылардың өмірі, есірткі саудасы, маньяктар және қоғамдағы басқа да проблемалар туралы баяндайтын контент қажет пе?

– Менің ойымша, мұндай контент қажет, бірақ бұл фильмдердің режиссурасында зұлымдық міндетті түрде жазалануы тиіс. Адамдарға мұндай қиын жағдайлардан шығу жолдарын көрсету де маңызды, мысалы, есірткі тәуелдігіне ұшырамау.

Қазақстандық "Шекер" сериалының оңай жолмен ақша табуды, алкоголь мен есірткіні романтизациялады деп айыпталып, сынға ұшырағаны белгілі. Картина жастардың оңай табыс пен ләззат іздеу жолындағы қатал шындығын көрсетеді. Сериалдың бірінші маусымының екінші режиссері Данияр Дүйсекенов романтизация мәселесі әлдеқайда терең екенін атап өтті.

– Сериалдың осындай танымалдыққа ие болатынын және осыншама сынға ұшырайтынын болжадыңыздар ма?

– Осындай танымал болатынын болжаған жоқпын. Романтизация туралы ойлар болған жоқ, өйткені сценарий бойынша да, мен үшін де бұл шын мәнінде сабақ алатын оқиға еді. Бірінші маусым бойы басты кейіпкер үлкен проблемаларға тап болады. Ақшасы көбейген сайын, проблемалары да ұлғая береді. Сөйтіп, былыққа белшесінен батады. Ақыр соңында, мүлдем шешілмейтін проблемаға тап болады. Картинаның мақсаты мұндай өмір салтының жақсы нәрсеге әкелмейтінін көрсету еді.

– Контент жасаушылар өмірдің жағымсыз жақтарын романтизациялау қорқынышын басшылыққа алуы керек пе, әлде шындықты сол күйінде көрсеткені дұрыс па?

– Менің ойымша, қорқатын болсақ, көптеген жақсы фильмдерден бас тартуға тура келеді. Бұл кино, ал киноның өнер екенін ұмытпау керек. Фильм нақты оқиғалардың негізінде түсірілген болса да, авторлар бәрін өмірдегіден әлдеқайда әдемі әрі күштірек көрсетуге тырысатынын түсіну керек. Өкінішке орай, бізде мұны түсінбейтін жастар көп. Жастарға білім беру керек, бұл туралы айту керек, киноның қалай түсірілетінін көрсету керек.

– Сіздің ойыңызша, сериал адамды дұрыс емес бағытқа бұрып, теріс жолға түсіруі мүмкін бе?

– Иә, әрине. Әдемі жылтыр картина, күшті, харизмаға толы антагонист және шынайы өмірдегі кедейлік, оңай ақша табуға деген ұмтылыс, әсер ету факторлары жетеді. Режиссердің жақсы кино жасап шығуы керек екенін ұмытпау керек. Егер көрермен оның фильмінен кейін "бұл кейіпкер қандай керемет!", деген оймен шықса, режиссер мен актер өз жұмысын дұрыс орындап шықты деген сөз. Ал қабылдау аспектілері әркім үшін әртүрлі, адамның өскен ортасы мен жағдайлары, отбасы, мектебі, университетіне байланысты, – деп қорытындылады Дүйсекенов.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: