Жаңалықтар тізбегі
0

Алматыда қыста қандай құстарды кездестіруге болады

Алматыда қыста қандай құстарды кездестіруге болады?, сурет - Zakon.kz жаңалық 28.12.2023 09:49 Сурет: pixabay
Суық мезгілде жылы жаққа ұшпай, оңтүстік астанада қыстап қалатын құстар көп. Оларды қай жерлерде кездестіруге болатынын және бұл құстар немен қоректенетінін айтып береміз.

Ала қарға

Ала қарға – қыс мезгілінде Алматыда ең көп кездесетін құстардың бірі. Мұнда олар тіршілігіне қолайлы жағдайлар табады. Күндіз ала қарғалар тамақ іздеп, түнде биік ағаштарға отырады. Әдетте, олар көгершіндерді жемдейтін жерлерде қоректенеді, қардың астынан жәндіктерді, өсімдік қалдықтары мен тұқымдарын шоқып жейді. Қарғалар көгершіндерге жем шашатын орындарды жақсы біледі, ол жерге алдын ала ұшып келіп, маңындағы ағаштарда күтіп отырады.

Ала қарғалар көбіне суық күндері күндіз тұмсығын қауырсынына тығып ұйықтағанды жақсы көреді. Әрдайым топ-топ болып ұйықтайды, іштерінде айналадағы жағдайды бақылап отыратын қырағы күзетшілері бар.

Көгершін

Алматыда мекендейтін көгершіндердің түрі – қолға үйретілген тұқымдардың (сұр көгершін сияқты түрден өсірілген) ұрпақтары. Олардың түстері әртүрлі – қоңыр, қара, ақ және сұр. Көгершіндер Алматының ажырамас бөлігіне айналғандай. Олар қаланың пейзажын жандандырады, алаңдарда балалар мен ересектердің көңілін көтереді.

Көгершіндерді қаланың кез келген бөлігінде кездестіруге болады, олар саябақтарда, тұрғын үйлердің аулаларында, шағын аудандарда мекендейді. Көгершіндер қорек іздеп тұрғындардың терезелеріне жиі қонады.

Жалпы, бұл құстардың адамдарға жақын екені, қолға оңай үйретілетіні белгілі. Көгершін көп халықтарда бейбітшіліктің белгісі деп саналады.

Бозбас пайыз

Бұл торғайтәрізділер отрядының құнақ тұқымдасына жататын сайрағыш құс негізінен саябақ, бау-бақша, желекжол мен арықтар маңындағы көшеттерде, жалпы таудың етегіндегі ағаш ландшафттарда мекендейді. Оны таулы ормандарда жиі кездестіруге болады. Бозбас пайыз шыршалы орманға дейінгі таулы аймақтарға көтеріледі. Бұл құстар шағын топтармен мекендейді.

Шөп, қайың, шырша тұқымдарымен, кейде жәндіктермен қоректенеді. Күзде және қыста пайыз торғайды құрғақ түйежапырақ сабақтарында жиі көретіндіктен, орнитологтар мұны құстың сүйікті тамағы деп санайды.

Сауысқан

Сауысқан – отырықшы құс, ол Алматыда жыл он екі ай бойы мекендейді. Жәндіктермен қоректенеді, тышқандарды аулайды, мүмкіндік туса, ұсақ құстар мен олардың балапандарын, тамақ қалдықтарын және т.б. азық қылады.

Бүгінде сауысқанның ұяларын Алматының кез келген жерінде кездестіруге болады. Алайда, 1965 жылға дейін олар тек Ботаникалық бақта ұя салған. Кейіннен 1980 жылдардың басынан бері бірең-сараңы қаланың басқа жерлеріне де қоныстана бастады, ал соңғы 20 жылда сауысқандардың мекендеу және көбею аймағы бүкіл Алматы қаласын қамтыды.

Майна (үнді қараторғайы)

Майна кәдімгі қараторғайдан біршама ірілеу, құйрығы қысқа, басы үлкен. Бүгінде Алматыны бұл құссыз елестету қиын. Әдетте үнді қараторғайы таңертең қала тұрғындарын шиқылдаған даусымен ұйқыдан оятады.

Бір жыл ішінде майна бес-алты балапан туады, әртүрлі қуыстарда ұя салып, қараторғаймен бәсекелеседі. Дәл осы бәсекелестік Алматының жоғарғы бөлігінде қараторғайлардың азаюының басты себебі болып табылады.

Майнаның басты пайдасы – зиянды жәндіктерді жаппай жеуі. Тұқымның атауы – Acridotheres – латын тілінен аударғанда "шегіртке жегіш" дегенді білдіреді. Жалпы, майна мүлдем қорек талғамайтын құс, белсенді, түрлі жағдайда тіршілік етуге бейімделген.

Жауторғай

Жауторғай – торғаайлар тұқымдасының ең кіші денелі биологиялық түрі. Ірі денелі үй торғайдан айтарлықтай икемді, ал даусы әлдеқайда жоғары және сыңғырлап естіледі.

Қаланың бірқатар аймағында торғайлар азайды. Бұл ең алдымен көшет отырғызу құрылымының өзгеруіне және жеке меншік секторының жойылуына байланысты. Торғайларға балапандарын азықтандыратын жәндіктер аулау үшін көкөніс бақшалары қажет. Олар жәндіктерден бөлек, дәндермен, жидектермен қоректенеді.

Бұл құстарды Алматының барлық жерінде кездестіруге болады. Олар топтасып ұшады, адамдар жем шашатын алаңдар мен саябақтарда жиі жиналады. Сондай-ақ, жауторғайлар да көгершіндер сияқты белгілі бір терезе, балкон секілді ара-тұра тамақтанатын жерді есте сақтап, сол жерге барып тұрады.

Сұр шымшық

Ең сүйкімді қалалық құстардың бірі – сұр шымшық. Бұл отырықшы құс, қыста ұялау маңын шарлап қоныс аударады. Мамық қауырсындары оларға қыстың суығына төтеп беруге көмектеседі.

Қазақстанның солтүстік бөлігіндегі барлық орманды аудандарда мекендейді. Жапырақты және аралас ормандарда, сондай-ақ бау-бақшаларда, тоғайларда және саябақтарда қоныстанады. Ұялары әдетте жабық жерлерде орналасады: қуыстарда, ғимараттардың саңылауларында, құстардың тастап кеткен ұяларында.

Негізінен жәндіктермен қоректенеді, бірақ кейде дәндерді де азық етеді. Пайдасы, жәндіктер арасында көбінесе шаруашылыққа зиянды түрлерін жейді. Олардың ішінде, сарықанат жібек көбелегі, шаңқан көбелегі, түрлі бізтұмсықтар, қандала, бит және т.б.

Қара сайрақ

Аталығының бүкіл денесі қара түсті, тұмсығы – ашық сары. Аналығы толығымен қошқыл қоңыр реңді (тек тамағы шұбарланған ақшыл түсті) болғандықтан қалған сайрақтар туысының өкілдерінен жақсы ажыратылады. Еуропаның, Солтүстік Африка, Алдыңғы және Орталық Азияның жапырақты ормандарында мекендейді. Соңғысында оның оқшауланған түршесі өмір сүреді.

Қазақстанда қара сайрақ Тянь-Шань және Жоңғар Алатауының солтүстік беткейлері мен тау етектерінде орныққан, таяуда ғана Батыс Алтайда пайда болды. Оның саны соңғы 50 жылда белгілі мөлшерде арта түсті.

Бұл – Қазақстандағы сайрақтың жалғыз ғана түрі. Әр алуан ормандарда және қолдан егілген желектерде, солардың ішінде, бақтар мен тынымбақтарда ұялайды. Бұл құстарды Алматыда жиі кездестіруге болады. Қара сайрақтар бір жылда тауларда 2 рет, ал Алматыда тіпті 3 рет балапан өргізеді. Себебі үнемі суарылатын қалалық екпе ағаштардың арқасында жаздың екінші жартысындағы ыстық күндерде жем беретін сайрақтар үшін мұнда шылаушын (сайрақтың балапандарының негізгі жемі) жеткілікті.

Сары шымшық

Қалада қыстап қалатын тағы бір кішкентай әдемі құс – сары шымшық. Оларды ауылдан да, қаладан да кездестіруге болады. Жаздыгүні бұл құстар оңайлықпен көзге түсе қоймайды. Ал қыста терезенің алдына келіп, азық сұрағандай сыңай танытады. Оларға күнбағыс, кендір, асқабақ, қарбыз дәндерін беруге болады.

Сарышымшықтың түрлері өте көп, олардың кейбіреулері өзі мекен еткен өңірдің атымен аталып кеткен. Сондай-ақ көгілдір сары шымшық, үлкен сары шымшық, шөжеторғай сияқты түрлері де бар.

Қыста Алматы маңында сары шымшықтар қайыңның шоқ гүлдерінен дән жинап қоректенеді.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: