Жаңалықтар тізбегі
0

Рождествоны Жаңа жылмен алмастыру идеологиясы қалай пайда болды

Рождествоны Жаңа жылмен алмастыру идеологиясы қалай пайда болды? , сурет - Zakon.kz жаңалық 04.01.2024 13:49 Сурет: pixabay
Бүгінгі таңда әлемдегі көптеген адамдар Рождествоны діни мереке ретінде қабылдамайды. Көбісі үшін бұл Санта Клаус, бұғылар, есіктерге ілінген гүл шоқтары, қызыл қапшықтағы сыйлықтар секілді рәсімдері бар әдет-ғұрыптық мейрамға айналған.

Қазақстанның және ТМД елдерінің православие өкілдері бұл мерекені 7 қаңтарда атап өтеді. Жалпы, бүгінде посткеңестік кеңістікте Рождество көптеген адамдар үшін Жаңа жыл тұсындағы қосымша мереке саналып кеткен, ал ғасырлар бойы бұл кем дегенде қыстың басты мейрамы болған еді. Осы орайда Рождествоның беделі неліктен түсіп кеткенін білуге тырыстық.

Көптеген еуропалықтар мен америкалықтар үшін Рождество әдет-ғұрыптық мерекеге айналғаны туралы зерттеулер мен мақалалар аз емес. Бірақ ол жақтарда әлі күнге дейін Жаңа жылға қарағанда, Рождествоның мәртебесі биік. Еуропа мен АҚШ үшін Рождество – бірінші орында, содан кейін ғана – Жаңа жыл. Себебі бұл әрқашан халықтың мерекесі саналып, оны тойлау ресми түрде ынталандырылатын. Ал посткеңестік кеңістікте ұзақ уақыт бойы Рождествоны тойлауға ынталандыру былай тұрсын, тікелей тыйым салынған кездер болды.

1918 жылғы 1 қаңтарда Халық комиссарлары кеңесінің жарлығымен кеңес елі юлиан күнтізбесінен григориан күнтізбесіне көшкені жарияланды. Орыс православие шіркеуі олай істемеді. Көптеген тарихшылардың пайымдауынша, дін өкілдерін қудалау бірден басталғандықтан, олар күнтізбені ауыстырып үлгермеген. Әйтпесе, орыс шіркеуі Болгария, Греция және Румыния православтарының жолымен григориан күнтізбесіне өтуі әбден мүмкін еді.

Бірақ, олай болмады. Сөйтіп, Кеңес одағында, кейіннен православтар тұратын посткеңестік республикаларда Рождество Жаңа жылдан кейін тойланатын болды.

КСРО-да Рождество 1929 жылға дейін тойланып келді. Демек, христиандық мерекені Жаңа жылмен алмастыру идеясы бірден пайда болған жоқ. Тіпті, Құдайды жоққа шығарған мемлекет құрушы Владимир Лениннің өзі рождествоны тойлаған деседі. Денсаулығы тәуір кезінде кремльдік шыршалар, Горкий үй-жайында шаруалардың балаларына арнап та шыршалар өткізген. Ол соңғы рет халықтың алдына да 1924 жылғы Рождествода шыққан. Бір қызығы, дәл осы 1924 жылдан кейін Рождество 25-26 желтоқсанда тойланатын болған. Және ол күндер КСРО-да демылыс күндеріне жатқызылды.

Әрине, ол кезде билік мерекенің христиандық рухын барынша басуға тырысты. Діни тақырыптардағы көріністерге тыйым салып, бірте-бірте жаңа әдет-ғұрыптармен алмастырды. Мысалы, "Щедрик" пен басқа да танымал халық әндерінің орнына балалар үйлерді аралап, идеологиялық өлең шумақтарын шырқады.

Кейде мұндай мерекелік көріністер әртүрлі конфессия өкілдері арасында, сенушілер мен атеистер арасында қақтығыстар тудырды. Сондықтан 1920 жылдардың екінші жартысынан бастап партия басшылығы көшедегі іс-шаралардан бас тартуды және жұмысшылар мен ауылдық клубтардағы ғылыми насихатқа басымдық беруді ұсынды.

Ал 1929 жылы Рождество мерекесін тойлауға мүлдем тыйым салынды. Сөйтіп, кеңес өкіметі тікелей дінге соғыс жариялады – діни қызметкерлер қамауға алынып, ғибадатханалар жабылды. Қарапайым діндарларға ашық түрде құлшылық жасау және өз дінін ұстану қиынға соқты. Осылайша, алғашқы соққы негізгі христиандық мерекелер – Пасха мен Рождествоға жасалды.

Алғашында кеңес өкіметінің бұл мерекелерге қатысты репрессиялық қадамдары нық болды. Діни рәсімдердің орнына кеңестік әдет-ғұрыптар енгізілді.

1935 жылдың соңында Украина Компартиясы ОК екінші хатшысы Павел Постышев (әрине, КСРО басшысы Иосиф Сталиннің бұйрығымен) кенеттен жұмысшыларға "шыршаны" қайтаратын уақыт келді деген мәселе көтерді. "Комсомольская Правда" жариялаған мақалада Постышевтің бала кезінде "шырша" тұрған "буржуазиялық үйлерге" қызғанышпен қарағаны туралы әңгімесі басылып шықты. Сөйтіп, "шырша" кеңестік жұмысшылардың балаларына қолжетімді болуы және бұдан былай Рождествомен байланыстырылмау керектігі туралы қорытынды жасалды.

Осылайша, рождестволық рәсімдерді кеңестік Жаңа жылмен алмастыру бойынша идеологиялық жұмыс басталып кетті. Аяз ата мерекенің басты кейіпкері болды, оның бейнесі еуропалық әулие Николай мен фольклорлық, әдеби және мифологиялық кейіпкерлердің ерекшеліктерін біріктірді. 1937 жылы оған славян мифологиясының тағы бір кейіпкері – Ақшақар көмекші ретінде берілді – ол алғаш рет Одақтар үйіндегі мерекеде пайда болды. Алғашында Ақшақар кішкентай қыз болды, содан кейін бойжеткеннің бейнесі орнықты.

Жаңа жылдық шырша да өзгерді. Ең басына Вифлеемск белгісінің орнына – қызыл бес бұрышты жұлдыз, бұтақтардағы періштелердің орнына – ұшақтар, танктер, зымырандар қойылды. Кейінірек, тоқырау кезінде шыршаға тағылатын ойыншықтар қайтадан қысқы ертегі тақырыбында шығарыла бастады.

Жалпы, большевиктердің Рождествоны Жаңа жылмен алмастыру идеологиясы белгілі бір түрде біздің заманымызға дейін жетті. Бұл өзгерістерге қарсы тұруға тырысып, шыршаны Жаңа жылдық емес, рождестволық атрибут екенін еске салып отырғандар болды. Бірақ, ұрпақтар алмасқан сайын дәстүрлер ұмытылды. Сөйтіп, көптеген адамдар үшін Рождествоға қарағанда, Жаңа жылдың маңызы жоғарылады.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: