Жаңалықтар тізбегі
0

Психологтар қызметін мемлекеттік бақылауға алу қажет пе

Психологтар қызметін мемлекеттік бақылауға алу қажет пе, сурет - Zakon.kz жаңалық 10.01.2024 13:49 Сурет: pixabay
Желтоқсан айының соңында Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Айна Мүсралимова палатаның кезекті отырысында премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға еліміздегі психологиялық көмектің дамуына қатысты сұрақ жолдады.

Оның сөзінше, құқықтық-заңнамалық тәртіптің болмауы кез келген адамға психолог болуға мүмкіндік беріп отыр.

"Сондықтан азаматтар псевдопсихологтар мен шарлатандардың "көмегі" мен "қызметін" алуда қорғансыз қалып отыр. Бұл тұрғындардың экономикалық өнімділігін төмендететін менталды қолайсыздыққа әкеледі", - деді депутат.

Депутаттың сөзінше, елімізде тұрғындарға психологиялық көмек беретін бірыңғай жүйе, бұл бағытта толыққанды жағдайды көрсететін жалпы статистика жоқ.

Айна Мүсралимова Қазақстанда психологиялық ауытқумен есепте тұрған азаматтардың саны өсіп жатқанын да жасырмады. 2023 жылдың бірінші жартысында 2022 жылдың бірінші жартысына қарағанда науқастар саны 7%-ға өскен. Қазақстанда бұндай науқастардың саны 195 299 адамды құрап отыр.

"Бұл санаққа 107 985 адамды қосуға болады, олар психикалық белсенді заттарды қолдану салдарынан туған ауытқушылыққа ұшыраған", - деді депутат.

Демек Қазақстанның 1,5%-ы психиатрлық көмекті қажет етеді. Бұл тек есепке тұрғандар ғана. Ал жалпы есепке тұрмаған азаматтарды қосқанда, қанша адамға психологиялық көмек керек екені белгісіз.

Мамандардың сөзінше, әр адам менталды денсаулығын қалпында ұстап тұру үшін психологқа баруы тиіс. Мысалы, Еуропа мен АҚШ тұрғындары үшін психологқа бару – қалыпты іс.

ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институты жүргізген сауалнамаға сүйенсек, 2021 жылы психолог көмегіне 600 мың адам жүгінсе, 4 млн қазақстандық психологқа баруға дайын, 3 млн адам қажет кезде психологқа барады, ал 1 млн-ы барғысы келетінін, бірақ, ұялатынын айтқан. Сауалнамаға қатысқан адамдардың 48,5%-ы психолог қызметі тұрғылықты мекенжайларына жақын болғанын қалайды.

Алайда Қазақстанда психолог мамандары тапшы.

"2022-2023 жылдары "Педагогика мен психология" мамандықтары бойынша бакалавриатта оқыған студенттер саны – 6702, олардың ішінде нақты психологияны оқығандары тек 12. Медициналық жоғары оқу орындарында, резидентурада "Ересектер мен балалар психиатриясы" бойынша 159 адам оқып жатыр", - дейді депутат.

Депутаттың пікіріне психологтардың айтары бар ма?

"Психологтардың қызметін қадағалауды қолдаймын. Мемлекеттік деңгейде қабылданатын құжат болуы тиіс. Мекемелерге осындай мамандар керек. Әр мекемеге орай бұйрық жасалғаны да маңызды. Мысалы, егер бұл әскери психолог болса, оның нақты қызметі мен міндеттері, құқығы жазылған бұйрық болуы тиіс". Алина Суғайыпова, Денсаулық сақтау саласындағы клиникалық психология магистрі

Алинаның сөзінше, қазіргі таңда ешқандай білімі болмаса да өзін "психологпын" дейтін адамдар көбейді.

"Көбіне олар психология бойынша курстарды оқиды. Ондай курстар 1-2 жыл ғана жүреді, курс аясында психология туралы қысқа ғана оқып шығады. Психолог деген жазуы бар құжат алады. Олар өз қызметтерін жоғары бағалайды, клиент табу үшін жарнама қолданады. Бұның дұрыс емес тұсы мынау: бұндай маманның алдына келген клиент өз жағдайын одан әрі нашарлатып алуы мүмкін. Білімі мен сертификаты жоқ "психолог" менталды денсаулықтың мәселесін таба алмайды. Қазіргі таңда ғылыми негізі жоқ тектану сияқты энергетикалық тәжірибелер көбейді. Адамдар ондай заттарға сенеді, кейін менталды денсаулықтарын құртып алып жатады", - деп есептейді Суғайыпова.

Топтық тренингтердің авторы, психолог Алан Ахматхановтың пікірінше, психологтарды шеңберге сыйдыру мүмкін емес.

"Өйткені психологияның міндеті көп, сондықтан көбі оны ғылым деп танымайды. Мысалы, әр ғылымның зерттейтін нысаны болады. Астрономдар, нейробиологтар не нәрсені зерттейтіні түсінікті. Ал психологтардың не нәрсемен жұмыс істейтіні мүлде түсініксіз. Өйткені жүйкені ешкім көзбен көрмейді, оны өлшеу мүмкін емес. Клиент бізге жүгінгенде біз тәнмен емес, тұлғамен жұмыс істейміз", - дейді психолог.

Ахматхановтың сөзінше, мемлекет психологтардың бәріне Этикалық Кодекс ұсынып, оны ресми түрде бекітуі тиіс.

"Ойдан шығарудың қажеті жоқ, ол қазір де бар, бәріне бірдей. Денсаулық сақтау министрлігінің сайтына шықса дұрыс болар еді. Маманға жүгінген адамдар Кодекстегі нұсқалар бұзылғанын білгенде нашар психологқа түскенін түсінер еді", - дейді психолог.
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: