Жаңалықтар тізбегі
0

Қызылорда облысындағы жұмбақ орлар не үшін қазылған?

Қызылорда облысындағы жұмбақ орлар не үшін қазылған, сурет - Zakon.kz жаңалық 24.01.2024 15:39 Сурет: И.Аржанцева және Ә. Тажекеевтің жеке мұрағаттарынан
Археологтар Қызылорда облысындағы Жанкент ортағасырлық қаласының маңынан терең шұңқырмен қоршалған тегіс жер алаңдарын тапқан еді. Бұл қандай нысандар және оларды кім салғанын білуге тырыстық.

2009 жылдың қазан айында археологтар тобы Сыр бойындағы ортағасырлық Жанкент қаласынан солтүстікке, шығысқа және оңтүстікке қарай зерттеу жүргізді. Ол кезде қалашық бес жыл бойы зерттелген еді және экспедиторларда әлі табылмаған ескерткіштердің нақты координаттары көрсетілген ғарыштық суреттер болды. Негізгі мақсат қалашықтың өмір сүру кезеңіне жататын қорымды табу еді.

Алайда, қорғандардан бөлек, ғалымдар ежелгі баспаналардың қалдықтарына ұқсас тікбұрышты және дөңгелек ерекше құрылымдарды тапты. Ең қызығы, бұл нысандар ешбір аэрофотосуретте көрінбеген және оларды 1940-1950 жылдары осы аймақты зерттеген Хорезм экспедициясы таппаған.

Жердегі шеңберлер

Топ құрамында жұмыс істеген РҒА Этнология және антропология институтының қызметкерлері Ирина Аржанцева мен Әзілхан Тажекеев осындай бес құрылымды анықтады: терең шұңқырмен қоршалған тегіс жер алаңдары. Ғалымдар талдау жүргізгеннен кейін бұл нысандар ежелгі баспаналарға ұқсамайды деген қорытынды жасады. Оларда көне заманнан бері осы аймаққа тән құрылыс материалдары – шикі және иі қанған саздың іздері сақталмаған.

Барлық құрылымдар қараусыз қалған күріш алқаптарының немесе бақша дақылдарының ортасында орналасқан. Осыған байланысты тағы бір гипотеза пайда болды: бұл ежелгі ауылшаруашылық алқаптарының қалдықтары болуы мүмкін. Бірақ, бұл нұсқа да расталмады: алаңдардың айналасындағы орлар техниканың көмегімен қазылып, шамалы жермен тартылған. Яғни, бұл алаңдар 50-60 жыл бұрын құрылған.

Мал ұстайтын қоралар

Жергілікті тұрғынмен әңгімелесу кезінде жұмбақтың шешімі табылды. Елу жастағы Таңжарық Серікбаев бұл аймақтардағы халықтың мал қора ретінде осындай шұңқырлар қазғанын айтты. Бұл ірі қара малды уақытша ұстауға арналған қоралар 1950-1960 жылдары пайда болды. Олар малдардың күріш алқаптарын таптамауы үшін пайдаланылды.

Таңжарықтың ата-аналары трактордың көмегімен тереңдігі шамамен 2 метр және ені 2,5 метр шұңқырлар қазған. Оның сыртына биіктігі 1,5 метр үйінді төгілген.

Осылайша, ғалымдардың тапқан олжасы археологиялық болмай шықты. Дегенмен, бұл нысандардың пайда болуына қатысты сұрақтар аз емес. Неліктен бұл қоралар дәл 1950 жылдары пайда болды? Ауылдарда және қыстақтарда мал қоралар бола тұра, күріш алқаптарын ор қазу арқылы қорғаудың себебі неде?

Қызылорда облысындағы жұмбақ орлар не үшін қазылған, сурет - Zakon.kz жаңалық 24.01.2024 15:39

Сурет: И.Аржанцева және Ә. Тажекеевтің жеке мұрағаттарынан

Ұлы жұт

Бұл құрылымдардың қалай пайда болғанын түсіну үшін ХХ ғасырдың тарихи оқиғаларына үңілу қажет болды. 1930 жылдардағы ұжымдастырудың арты экономикалық және гуманитарлық апатқа және ұлы жұт ретінде тарихқа енген аштыққа әкелді. Әртүрлі есептеулер бойынша 2-ден 3 миллионға дейін қазақтар мен басқа ұлт өкілдері қаза тапты. Мал басы 90%-ға азайды.

Ғалымдардың өздері "Этнографиялық шолу" журналында жарияланған еңбектерінде бұл туралы былай деп жазады:

"Ұжымдастырудан, күштеп қоныстанудан және одан кейінгі жойқын ашаршылықтан кейін қазақтар көшпелілікке және дәстүрлі тұрмысқа қайта орала алмады, дәстүрлі мал шаруашылығы жүйесі жойылды, жайылымдық жерлер жыртылып, егіншілік қажеттіліктеріне бейімделді.

Сонымен бірге, көшпелілердің егістік жұмыс дағдылары өте аз еді, сондықтан шаруа секторының егістік алқаптарын әлеуметтендіру деңгейінің бұрын-соңды болмаған жоғары пайызына (97,8%) қарамастан, егіншілік төмен деңгейде қалды және тіпті аштықтан аман қалған халықты азық-түлікпен қамтамасыз ете алмады. Уақыт өте келе бұл КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулыларына сәйкес 1937 жылы Қиыр Шығыс өлкесінен корейлердің жаппай депортациясымен сәйкес келді".

Көшпенділер мен егіншілердің байланысы

Қысқа мерзім ішінде Қиыр Шығыстан Орта Азияға 200 мыңнан астам корей, оның ішінде 40 мыңы Қазақстанға жер аударды. 1932-1933 жылдардағы ашаршылықтан кейін Қазақстанда тың жерлерді игерудің бес жылдық жоспарларын орындау үшін адами ресурстар жетіспеді. Корейлердің қоныс аударуы жаһандық экономикалық эксперименттің бір бөлігі болды.

Корейлер қаңырап бос қалған аймақтарды күріш өсіру орталықтарына айналдырды. 1951 жылы Қызылорда облысында 80-нен астам корей күріш өсіретін колхоздары пайда болды. Ландшафт адам танымастай өзгерді: батпақты жерлер құрғатылды, қопалар кесілді, көптеген арналар қазылды. Аймақтың бұрынғы кең жайылымдары күріш алқаптарына бейімделді.

Алайда, егінге ірі қара малдан қауіп төнді. Күріш үш ай бойы піседі, күздің ортасында жиналады. Ал қазақтар малды қарашаға дейін еркін жайылымда ұстап, тек қыста ғана үйлерінің жанына салынған тұрақты қораларға қамайды.

Оның үстіне, корей егіншілері мен қазақ малшылыраның арасында байланыс орнатылған жоқ еді, олар келісе алмады. Қызылорда облысына жер аударған корейлер тек орыс тілінде сөйледі, қазақ тілін білмеді. Ал жергілікті тұрғындар корей және орыс тілдерін білмейтін еді.

Мал тұзақтары

Осылайша, аймақта күріш өсірушілер мен малшылардың мүдделері қақтығысты. Бұл ауылшаруашылық алқаптарын қорғайтын арнайы құрылымдардың салынуына әкелді. "Тұзақ" ретінде қызмет ететін бұл нысандар кездейсоқ күріш алқаптарына түскен малдарды уақытша ұстау үшін пайдаланылды. Сиырлар мен жылқылар иелері келгенше сол жерде ұсталды.

Ал 1950 жылдардың аяғы мен 1960 жылдардың басында бұл аудандарда көші-қон мен ауыл шаруашылығы саласындағы өзгерістерге байланысты корей халқы азайып, мал тұзақтарының қажеті болмай қалды.


Қызылорда облысындағы жұмбақ орлар не үшін қазылған?, сурет - Zakon.kz жаңалық 24.01.2024 15:39

Сурет: И.Аржанцева және Ә. Тажекеевтің жеке мұрағаттарынан


Бұл құрылымдар қайдан шықты

Осы ерекше құрылымдарды ашқан археологтардың бірі Әзілхан Тажекеев қазір Астанадағы Ә. Марғұлан атындағы археология институты филиалының директоры болып жұмыс істейді. Айтуынша, олардың тапқан олжалары археологиялық ескерткішке жатпайды.

"Біздің ғалымдар материал жинап, осы дәстүрдің түп-тамырларын іздеумен айналысуда. Ол корей халқының өнертабысы емес. Мұндай құрылымдар Қытайда, Еуропада болған. Біздің ойымызша, қазақтар XVIII-XIX ғасырларда осындай қоршауларды қолданған, өйткені Сырдарияның төменгі ағысында отырықшы халық егіншілікпен айналысқан.

Жыл сайын Сырдарияның төменгі ағысындағы күріш алқаптарының аумағы өсуде. Бірақ бәрібір жергілікті тұрғындар сиырлар мен жылқыларды ұстайды. Сондықтан мұндай қоршаулар қазір өте ыңғайлы.

Қазақстандағы егіншілік мәдениетінің тарихы сақтардан басталады – бұл Шілік-Рабат және Жетіасар мәдениеті. Егер б.з. д. IV ғасырдан бастап ХІХ ғасырға дейінгі Сырдарияның төменгі ағысындағы егіншілік мәдениетінің бүкіл кезеңінде ежелгі диқаншылық оазистерін есептесек, онда шамамен 2 миллион гектар жер игерілген екен. Бұл егістіктер, суару жүйесі, каналдар, арықтар, бәлкім, сақтар да осындай құрылымдарды қолданған болуы мүмкін", – дейді археолог.


Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: