Талап "қатаң" болады - Тоқаев инвесторларды тарту жұмыстарын жүргізу жайында
Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, президент ірі инвесторларға жан-жақты қолдау көрсету қажет екенін атап өтті.
"Жаңа инвестициялық кезеңді бастау керек. Өндіру саласындағы жобалардан түскен пайда қайтадан инвестиция ретінде экономикаға салынып жатыр. Тікелей шетел инвестициясы, негізінен, осы қаражаттың есебінен қамтамасыз етіліп отыр." Президент
Негізгі капиталға салынған инвестицияның ішкі жалпы өнімге шаққандағы үлесі азайып барады. Бұл күрделі жағдай деуге болады. Себебі, экономикаға жеткілікті қаражат салынбай жатыр. Соның салдарынан, алдағы жылдары елдің даму қарқынын сақтап тұрудың өзі қиын болуы мүмкін, - деді президент.
"Ішкі және сыртқы инвестицияны айтарлықтай көбейту керек. Бұл – жаңадан құрылған Инвестициялық штабтың негізгі міндеті. Штаб елге инвестиция тартуға қажетті біртұтас экожүйе қалыптастыруы керек. Даму институттарының жұмысын жандандырып, бизнес өкілдерімен тиімді диалог жүргізуге тиіс. Шетелдегі мекемелердің, орталық пен аймақтардың арасында тығыз байланыс орнату қажет. Мемлекет басшысы
Ең бастысы, Инвестициялық штаб қажетті шешімді дер кезінде қабылдауы керек, - деді президент.
"Инвесторларға, мысалы, 50 миллион доллардан көп қаржы салуға дайын ірі компанияларға "бір терезе" қағидасымен жан-жақты қолдау көрсеткен жөн. Сонымен қатар, жобалардың іске асырылуын қадағалайтын тиімді мониторинг жүйесін іске қосу керек. Мемлекеттік органдар пайдасы жоқ презентациялар мен іс-шаралар өткізумен әуестенбеуге тиіс. Мекеме басшыларының шетелге жасаған әрбір іссапары нақты нәтиже беруге тиіс. Сапар қорытындысы бойынша Үкімет басшылығына, немесе, қажет болған жағдайда Президентке есеп берілуі керек." Қасым-Жомарт Тоқаев
Инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты кедергілер, әсіресе, аймақтарда жиі болып тұрады. Әкімдер инвестиция тартудың орнына ескі әдетке салып, бюджет қаражатына сеніп отырады. Ал, аймақтарға барып, жұмыс істегісі келетін инвестор көптеген тосқауылға тап болады, деп атап өтті президент.
"Жергілікті билік көп жағдайда ешқандай әрекет жасамайды не болмаса инвесторды әуре-сарсаңға салады. Соның кесірінен кәсіпкер жобасын кейінге шегереді немесе біржола тоқтатуға мәжбүр болады. Аймаққа жеке инвестиция тарту әкімдердің ең басты міндетінің бірі болуы керек. Жалпы, барлық мемлекеттік орган ел экономикасына мейлінше көбірек инвестиция тартуға баса мән беруге тиіс. Бұл – негізгі басымдық, олардың жұмысы да соған сәйкес бағалануы керек. Мәселе штат санын көбейтіп, жұмыс тобын құрып, жаңа тұжырымдама жазуда емес. Бұл, ең алдымен, мемлекеттік аппараттың жұмыс істеу тәсілін өзгертетін нақты реформа. Соны дұрыс түсіну қажет."Қасым-Жомарт Тоқаев
Біз жарты жылдың нәтижесі бойынша Инвестициялық штабтың жұмысын қорытындылаймыз. Әрбір министр мен әкімнің осы бағытта атқарған жұмысына нақты баға береміз. Талап қатаң болады, деп қатап айтты президент.