Президент: Елімізде электр энергиясын, жылу және суды өндіру бойынша қуат тапшылығы байқалып отыр
Президент елімізде электр энергиясын, жылуды және суды өндіру мен тасымалдау бойынша қуат тапшылығы байқалып отырғанын мәлімдеді.
"Балқаш жылу электр орталығы құрылысының аяқталмай қалуы, табиғи монополия субъектілерінің ашық жұмыс істемеуі, сондай-ақ тарифтердің өсімін қолдан тежеу – осының бәрі кезінде жіберілген қателіктердің салдары. Салаға түбегейлі реформа жүргізген жөн. Ол үшін жүйелі жұмыс атқару қажет". Президент
Президенттің сөзінше, ең алдымен, тарифтер ұзақ мерзімге белгіленуі керек. Бұл межелі уақыт ішінде салынған инвестицияны ақтап, инфрақұрылым нысандарын тиісті қалыпта сақтауға мүмкіндік береді.
"Табиғи монополия субъектілеріне тарифті белгілі бір табыс нормасына сай есептеп, бекітуге рұқсат беру қажет. Тиімді бақылау жүргізу аса маңызды. Мұны осы саладағы бүкіл үдерісті толық цифрландыру арқылы ғана қамтамасыз етуге болады. Ресурстарды есептеу және деректерді онлайн режимде беру жүйесін енгізу керек. Тарифтерді өсіру тұтынушыларға атаулы субсидия беру ісімен қатар жүруге тиіс." Қасым-Жомарт Тоқаев
Мемлекет басшысының сөзінше, бұл үдерісті барынша жеңілдетіп, автоматтандырған жөн.
Үкімет елдің коммуналдық-энергетикалық инфрақұрылым нысандарын қайта қалпына келтіріп, дамыту үшін нақты кешенді шаралар әзірлеуі керек. Сонымен қатар әкімдер қаланы абаттандыру жұмыстарын белсенді қолға алып, оның ластануына жол бермеуі қажет.
Ең алдымен, ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу керек. Ол үшін инвестор тарту маңызды. Сондай-ақ, көгалдандыру ісімен айналысу қажет.
"Қазір бұл жұмыс ойдағыдай жүргізілмей жатыр. Электр қуаты, жылу, су, жалпы тиімді коммуналдық шаруашылық – басты игілігіміз. Оның қолжетімді болуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Бұл – саладағы қордаланған барлық мәселені кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік беретін маңызды әрі кешенді реформа". Мемлекет басшысы
Президент тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында күрделі, кешенді реформа жүргізілетінін, бұл саладағы қордаланған барлық проблемаларды кезең-кезеңімен жоюға мүмкіндік беретінін атап өтті.