Астана әуежайы рейстердің өзгеруі мүмкін екенін ескертті
2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні сағат 00:00-де Астана, Алматы, Шымкент, Абай, Ақмола, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстарында жергілікті уақыт бірдей болады.
Осылайша, еліміздің бүкіл аймағы 5-сағаттық белдеуде орналасады.
"Бірыңғай уақыт белдеуін құруды ескере отырып, рейстің ұшып шығуы мен келу уақыты туралы қазіргі ақпарат өзгеруі мүмкін. Сондықтан біз жолаушылардан ақпаратты нақтылау үшін әуе тасымалдаушыларына хабарласуын сұраймыз".Астана әуежайының баспасөз қызметі
Қазақстанда біртұтас уақыт белдеуін белгілеуді уақытты есептеу мәселелері жөніндегі жұмыс тобына кірген қазақстандық ғалымдар мен сарапшылар ұсынған еді.
Жұмыс тобы 2023 жылдың ақпанында қазақстандықтардың ең қолайлы уақыт белдеуіне көшу туралы бірнеше мәрте өтініштеріне байланысты құрылған. Оның құрамына ғылыми институттардың, медициналық университеттердің, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, парламент депутаттары және тағы басқалар кіреді.