Алматыда өткен жылы шам бағанасындағы 2000-нан астам люк ауыстырылды
Компания басшысының орынбасары Вадим Макаровтың айтуынша, қалада сыртқы жарықтандыру тіректеріндегі тексеру қарау люктерін рұқсатсыз бөлшектеу жағдайы күрт өсті.
"Олар шам бағанасының түбіндегі металл қақпақтар. Бұл жерде шамның сымдары магистральдық кабельге қосылады. Люктер сыртқы жарықтандыру желілеріне техникалық қызмет көрсету және жөндеу, кабельді ауыстыру және басқа жұмыстар үшін қажет. Жақында біз біреудің бұл люктерді шешіп, ұрлап жатқанын байқадық. Күзден бастап біз 2000 люкті ауыстырдық", - дейді Вадим Макаров.
Сонымен қатар, "Алматы Қала Жарық" дерегінше, қаскүнемдер сыртқы жарықтандыруды басқару шкафтарын жиі бұзады. Бұл нысандар жоғары кернеуде және оларға бөгде адамдарға кіруге қатаң тыйым салынады.
"Қаскүнемдер сыртқы жарықтандыруды басқару шкафтарындағы құлыптар мен есіктерді сындырып, автоматты ажыратқыштар өшіреді, соның кесіріне сыртқы жарықтандыру тобында тоқ болмай қалады. Біздің бригадалар шақыртуларға шығып, сыртқы жарықтандыруды басқару шкафындағы сымдардың кесілгенін, ажыратқыштардың сынғанын немесе алынып тасталғанына, басқа жабдықтардың ұрланғанын немесе бүлінгенін көреді. Мұндай фактілер, әрине, сыртқы жарықтандыруды қалпына келтіру үдерісін тежейді", - дейді компания өкілі.
Соныменн қатар, "Алматы Қала Жарық" МКК деректері бойынша вандалдар торшерлі тротуар шамдарын да қиратады. Бұзақылар оларды жиі сындырады, жарық сөніп, қараңғы болумен қатар, мұндай жерлерде жалаңаш сымдар да қауіпті болады. Кәсіпорын қызметкерлері бірнеше ауданда зақым келтіру қиын торшерлі шамдарды орнатуға мәжбүр болды.
"Алматы Қала Жарық" компаниясы бей-жай қарамайтын азаматтардан зақымдалған сыртқы жарықтандыруды басқару шкафтары, торшерлі шамдары мен тіректердегі ашық люктер анықталған кезде компанияның диспетчерлік қызметіне хабарлауды, ал бұзақылық әрекеттерге куә болғандарды полицияға қоңырау шалуды сұрайды.