Түркістан облысында мектеп күзетшілері жалақыларын ала алмай отыр
Өткен жылдан бері күзет компаниясының қарамағына өткендер айлықтың азайып, күнкөрістің қиындап кеткенін айтады. Еңбек инспекциясына арызданайын десе, жұмыс берушілер тіпті ешқайсысымен еңбек келісімшартын да жасамапты, деп жазады qazaqstan.tv.
Екі жүзге тарта күзетші айлығын даулап әкімдіктің алдына жетінші рет жиналды. Бәрінің талабы біреу, заңды жалақымызды төлесін дейді. Айтуларынша өткен жылдың қыркүйек айынан жекеменшік компанияның қарамағына өткелі бері жұмыс беруші ойына келгенін жасапты. Бастапқы жалақылары 70 мың теңгеге кеміп, еліміздегі ең төменгі айлыққа да жетпей қалған. Мектепті тәуліктеп күзететіндер қазір тіпті нан алуға ақшамыз қалмады деп налиды.
"Менің өзімнің 9 бала шағам бар. Бәрінің бала шағасы бар. Кредитіміз бар. Кредиттің кетті пенясы, шотымыз құлттанды. Далада қалдық бәріміз." Пернебек Тәленов, күзетші
Жалақысын даулаған жұртпен кездесуге күзет компаниясының басшылығы келмеді. Тек телефон арқылы тендердің өткенін күтіп жүргенін жеткізді. Ал білім саласының қызметкерлері болса мәселе қаражатқа тіреліп тұрғанын айтады.
"Күзет қызметі үшін ақша март, наурыз айына жоспарланған облыстық басқарма тарапынан. Қазіргі таңда біз сол ақшаны осы февраль айында алуға бюджеттік өтінім бергенбіз. Дәл қазіргі таңда білім бөлімінің есебінде күзет қызметі үшін төлеп беретін ақша жоқ." Шоқан Адайбеков, Жетісай аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы
Шыдамы таусылғандар жиналып аудандық прокуратураға ұжымдық арыз қалдырды.Қадағалау орган өкілдері енді күзет компаниясының бей берекетсіз әрекетін заңдық тұрғыда тексермек.
"Бұл ұсыныс негізінде еңбек инспекциясына, бақылау басқармасына және Жетісай аудандық білім бөліміне ұсыныс енгізілетін болады. Аудан прокуратурасымен қадағалау актісі енгізіліп, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылатын болады." Нұрмахан Дүйсенбеков, Жетісай аудандық прокуратурасының прокуроры
Жекеге өтіп, тірлігіміз түзелмеді дегендер жауапты министрліктен мектеп қарауылдарын білім бөлімдеріне ауыстыруды сұрайды. Себебі он жыл бұрын да қарауылдарды жеке компанияға ауыстырғанда жалақыдан қысылып, күнкөріс қиындап кеткен.