Мемлекет басшысы "Астана" халықаралық қаржы орталығы Сот төрағасының ант беру рәсіміне қатысты
Жиынға АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров, АХҚО Халықаралық арбитраж орталығының төрағасы Томас Крюммель, сондай-ақ АХҚО Сотының тіркеушісі және Халықаралық арбитраж орталығының аппарат жетекшісі Кристофер Кэмпбелл-Холт қатысты.
Ресми жиында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы бұл институттың коммерциялық дауларды шешуде елеулі қызмет атқаратынын атап өтті.
"Астана" халықаралық қаржы орталығы инвесторлар сенім артатын маңызды алаң саналады. Осы орайда халықаралық стандарттарға сай тәуелсіз сот жүйесі бар АХҚО Соты негізгі рөл атқарады. Құрметті лорд Бернетт, Сізді осынау жауапты лауазымға тағайындалуыңызбен құттықтаймын. Сіздің кандидатураңыздың таңдалуы АХҚО сот жүйесінің тұрақтылық және сенімділік қағидаттарын сақтауға бейіл екенін тағы да растайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент өз міндетін ыждағаттылықпен орындап, АХҚО Сотында қаралған әр істе әділеттілікті және әділ сот төрелігін қамтамасыз етуге күш салғаны үшін Соттың бұрынғы төрағасы лорд Джонатан Мансқа ризашылығын білдірді.
Жиыннан кейін Мемлекет басшысы шараға қатысушылармен АХҚО Сотын және Халықаралық арбитраж орталығын еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал ететін негізгі тәуелсіз институттар ретінде дамыту перспективасын талқылады. Бұдан бөлек, Президент дауларды шешуге қатысты халықаралық құқықтың үздік тәжірибесін енгізу, сондай-ақ заманауи технологияны, оның ішінде жасанды интеллектінің әлеуетін белсенді түрде пайдалану маңызды екенін айтты.