Жаңалықтар тізбегі
0

Жарықтарға үй салуға бола ма? Қазақстандық ғалымның пікірі

Жарықтарға үй салуға бола ма? Қазақстандық ғалымның пікірі, сурет - Zakon.kz жаңалық 20.03.2024 09:53 Сурет: Zakon.kz
Алматыда жер сілкінісі болған сайын әлеуметтік желілерде қаланың жарықтар картасы қызу талқыға түседі, көптеген сұрақтар туындайды. Дүмпулер жарықтарға қалай әсер етеді? Жарықтар өтетін жерлерде үйлер, жолдар мен метро салуға бола ма?

Осы сұрақтарды профессор, Қазақстан геотехникалық қауымдастығының президенті Асқар Жүсіпбековке қойып көрдік. Сондай-ақ ғалым Алматыдағы жер сілкіністеріне Қытайда аса терең ұңғыманың бұрғылануы себеп болған деген интернеттегі танымал теорияға түсініктеме берді.

– Асқар Жағыпарұлы, алдымен жарықтардың не екенін қарапайым тілмен түсіндіріп бересіз бе?

– Топырақ массивінде әртүрлі бағытта тарайтын көрінбейтін жарықтары бар сынған табақты елестетіп көріңіз. Осылайша Алматы мен оның жарықтарын бейнелі түрде сипаттауға болады. Алдын алу шараларын қабылдау үшін біз олардың қалай дамитынын білуіміз керек. Жалпы, бұл жарықтар өте белсенді болып көрінеді.

Бұл аймақтағы тектоникалық плиталардың қозғалысына байланысты. Тянь-Шань әлі де қалыптасып, дамып келе жатқан салыстырмалы түрде жас тау жүйелеріне жатады. Жарықтардың белсенділігін ескере отырып, Алматыны сейсмикалық соққыларға дайындау қажет.

– Алматыдағы жарықтарға қатысты қандай қауіп бар?

– Алматыда геотехникалық деректер базасы жеткіліксіз. Біріншіден, жүргізілген зерттеулер өте аз. Екіншіден, кейбір деректер болғанның өзінде, олар жасырылады, ұйымдар оларды құпия ұстайды. 2018 жылы әріптестерім екеуміз зерттеу үшін Алматыдағы сейсмология институтына барып, қажетті ақпаратты сұрап, ала алмадық.

Мысалы, Жапонияда мұндай деректерді тегін жинайтын қауымдастық құрылған. Топырақ бойынша ақпарат алған әрбір геотехникалық, инженерлік, инженерлік-технологиялық ұйым оны бірыңғай орталыққа береді. Әрбір құрылыс компаниясы, тіпті, Жапониядағы кез келген адам бұл ақпаратқа қол жеткізе алады.

Ал сейсмикалық қауіпті Алматыда мұндай ресурс жоқ. Сондай-ақ қалада сейсмологиялық стансалар аз. Жапонияда ондай мыңдаған станса бар, ал бізде – бірнеше ондағаны, оларың өзін негізінен жапондар сыйлаған. Бұл стансалар Алматы маңында болып жатқан тектоникалық процестердің бейнесін береді және дәлірек болжам жасауға көмектеседі.

– Автомагистраль, электр және газбен жабдықтау жүйесі, метро сияқты ғимараттар мен инфрақұрылымдық нысандарды салу кезінде қолданыстағы жарықтар картасын ескеру қажет пе?

– Әрине, кез келген құрылыс кезінде жарықтарды, олардың шекараларын ескеру қажет. Жер сілкінісі нәтижесінде жарық белсенді болып, қозғалу амплитудасы артып немесе керісінше, бітеуіш ретінде әрекет етуі мүмкін. Мұның бәрін білу керек және ол үшін бізге жақсы геотехникалық база қажет.

Ғимараттар қаншалықты дұрыс жобаланса да, дүмпулерді қабылдайды. Абырой болғанда, Алматыда 4 наурызда вертикалды соққылар болды. Егер бүкіл қала динамикалық түрде қарқынды отырып қалса, бұл соншалықты жойқын әсер етпейді. Ал егер вертикалды деформация біркелкі болмаса, мысалы, Алматының сол жағы отырып, ал оң жағы түспесе, онда бұл қауіпті.

Горизонталды қозғалыстар да қауіпті. Көптеген ғимараттар жойқын көлденең тербелістерге төтеп бере алмауы мүмкін. Топырақтың кернеулі деформацияланған күйі өзгереді, негізі босай бастайды. Жер бетінің динамикалық сипатта созылуы ғимараттың шөгуіне, көтеруші қабілетінің төмендеуіне әкеледі.

– Жер сілкінісі кезінде метрода болу қауіпті ме?

– Алматы метросының құрылысын бірнеше ұйым жүргізді. Олар жер сілкінісінің әсерін ескергені сөзсіз. Бірде-бір сейсмикалық қауіпті қалада жарықтар картасы ескерілмей, метро салынуы мүмкін емес.

Метро – жасанды құрылым, ол да жер сілкінісі кезінде қозғалады. Бірақ массив элементі ретінде ол дүмпулерді жер бетіндегі ғимараттар сияқты қарқынды қабылдамайды. Сондықтан соққылар кезінде метро жер бетіне қарағанда қауіпсіз.

– Онда не себепті 4 наурыздағы жер сілкінісінен кейін метро жабылды?

– Ықтимал қауіпті табиғи құбылыстар кезінде метро, теміржол, әуежайлар және адамдар көп жиналатын басқа да инфрақұрылымдық нысандарды жабу қалыпты тәжірибе болып табылады. Бұл халықтың қауіпсіздігі үшін жасалады, өйткені тербеліс нәтижесінде қандай да бір зақым келу қаупі сақталады.

Қазіргі уақытта біздің деректеріміз абсолютті болжамға жақындау үшін жеткіліксіз. Ешкім жарықтың біз болжаған бағытта қозғалатынына және белгілі бір құрылымға зиян келтірмейтініне жүз пайыз кепілдік бере алмайды. Біз қаланың жерасты бөлігін бес саусақтай білуіміз керек. Өкінішке орай, қазір олай емес.

– Егер үкімет, қала билігі және зерттеу ұйымдары қысқа мерзімде геотехникалық база құру үшін біріксе, мұны қаншалықты жылдам іске асыруға болады? Ол үшін не қажет?

– Бұл жедел зерттеу болмауы керек. Ондай жұмыстарға жылдар мен бірнеше миллиард доллар кетеді. Мысалы, газ, мұнай өндірісінен түскен қаржы ресурстарын жинақтап, оларды сейсмиканы, табиғи апаттарды, адам қызметінің әсерін зерттеуге бағыттау қажет.

Біріншіден, мұрағаттарды көтеріп, олардың негізінде, сондай-ақ жаңа деректер базасында болжамдар жасауымыз керек. Екіншіден, жаңа ғимараттар салу, қолданыстағы ғимараттарды қайта құру бойынша нормативтік базаны дамыту қажет. Үшіншіден, кадрлар даярлау керек: университеттерде, әсіресе елдің оңтүстігінде жер сілкінісіне төзімді құрылыс пәнінен сабақ беру керек.

Төртіншіден, бізге ұңғымалар мен сейсмикалық стансалар қажет. Біріншісі – топырақ, екіншісі сейсмика туралы мәліметтер береді. Алматыдағы топырақ біртекті емес, оның ішінде тау жыныстары, балшық, саздақ, құмдақ, құм кездеседі.

Сонымен қатар, дәстүрлі ғана емес, күрделі құрылғылармен де жабдықтану керек. Алматыда жер сілкіністерін физикалық модельдеу үшін табиғи полигон құру қажет. Ғимараттар үстінен емес, Жапония, АҚШ, Қытайдағыдай астынан сейсмикалық қозғалыстарға ұшырауы керек. Модельдеу нақты мөлшерде жүргізілуі тиіс: кәдімгі арқалықтар, бағандар, іргетастар қолданып, табиғиға ұқсас жер сілкіністерінің әртүрлі түрлерін жасайтын үлкен сейсмикалық платформа құру қажет.

Осы сынақтарға барынша күш салсақ, онда ол жемісін береді. Қирай ма әлде қирамай ма деп бас қатырудың орнына, осы іспен айналысу керек.

– Жақында Алматыда болған жер сілкіністеріне Қытайда өте терең ұңғыманы бұрғылау түрткі болды деген қауесеттер тарады. Бұл туралы не дейсіз?

– Бұл ой-пікір фантастикаға жақын. Ұңғымалар геологиялық және инженерлік ғылыми зерттеулер үшін қажет. Бұрғылау арқылы ғалымдар Жердің ішкі құрылымын терең зерттей алады. Жапонияда тұтас префектуралар бұрғыланған. Осылайша, мамандар топырақ үлгілерін алады, оларды зертханаларға жібереді, зерттейді, далалық сынақтар жүргізеді, деректерді бірыңғай базада жүйелейді. Осыған сүйене отырып, іргетас негіздерінің көтергіш қасиеті, олардың қимыл-қозғалысы туралы қорытынды жасауға, соның негізінде ғимараттарды жобалауға болады. Себебі, жобалаушылар зерттеушілер емес, олар ізденіс жұмыстарының деректеріне сүйенеді.

Қорытындылай келе, ғалым барлық күш-жігерді сейсмиканы ескере отырып, геоақпараттық мәліметтер базасын құруға жұмсау қажеттігін атап өтті. Осылайша, бай ақпаратқа ие болып, соның арқасында жер сілкінісінің әсерін барынша болжауға мүмкіндік туады, ал Алматыда өмір сүру қауіпсіз бола түседі.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: