Павлодарда алаяқ зейнеткердің атына 1 млн теңгеден астам несие рәсімдеген
Осындай алаяқтардың кезекті құрбанының бірі – павлодарлық зейнеткер. Жас жігіт әйелдің нөміріне қоңырау шалып, өзін банк қауіпсіздік қызметінің қызметкері ретінде таныстырған. Зейнеткерге атына несие рәсімделгенін және оны жою үшін банктің мобильді қосымшасын жүктеп алып, жігіт айтқан нұсқауларды орындауы керектігін айтқан.
Осылайша қаскөй зейнеткердің атына жалпы сомасы 1 млн 125 мың теңге несие ресімдеген.
"Осыған ұқсас тағы бір оқиға – алаяқтың арбауына 30 жастағы ауыл тұрғыны түсіп қалды. Ол мобильді қосымшасымен 370 мың теңге сомасына тауар несиесін ресімдеген. Алаяқ оған қоңырау шалып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырды және осы қаражатты қолма-қол ақшалай шешіп беруді ұсынды. Банк рәсім үшін соманың 3%-ын есептен шығарады деп айтты. Кейін сілтемені жіберді және сол сілтеме арқылы өткен оның шотынан ақшаны суырып алды. Алданған азаматтарда полицияға қоңырау шалудан басқа ешқандай амал қалмады" – дейді Павлодар облысы ПД криминалдық полиция басқармасының киберқылмыспен күрес бөлімінің бастығы Ризабек Жанат.
Қазіргі уақытта алаяқтық фактілері бойынша осы қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтауға үшін жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.
Полиция департаменті азаматтарға осындай жағдайлардан қорғану үшін жеке кабинеттерін, банк карталарындағы деректерін басқа біреуге хабарлауға болмайтындығын ескертеді. Банк қызметкерлері сіздің картаңыздың нөмірін өздері атай алады.
Олар ешқашан құпия ақпаратты сұрамайды. PIN код, CVV код, SMS және жеке кабинеттерден құпия сөздерді ешқашан бөтен адамдарға айтпаңыз. Ешқандай сілтемелерге өтпеңіз, телефон мен компьютерге сізге таныс емес бағдарламаларды орнатпаңыз. Бейтаныс адамдар мен ұйымдардың шоттарына ақша аудармаңыз.
Қоңырау шалушыға "менің әкемнің аты кім", "менің күдікті операция жасаған картамның нөмірін атаңыз" деген секілді бірнеше сұрақтарды қою керек. Егер сіз алаяқтарға карта туралы ақпаратты немесе SMS-тен келген кодты хабарлаған болсаңыз, шұғыл түрде банктің ресми нөміріне қоңырау шалып, картаны бұғаттаңыз.