ШҚО Антикор спорт мектептерінің 7 қызметкерінің жалған дипломмен жұмыс істейтінін анықтады
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте ШҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Денис Шакенов мәлімдеді.
Талдау барысында бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану жағдайлары, жалған дипломдар, спорттық командалардың іссапар барысындағы шығындарына арналған қаражатты жаттықтырушыларға аудару кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері, сондай-ақ жалған оқу-жаттығу жиындарын өткізу фактілері анықталды.
Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің 7 қызметкерінің жалған дипломдарды пайдалану фактісі белгілі болды.
Сондай-ақ, талдау барысында 2021 жылы Өскемен қаласында орналасқан волейболдан олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі оқу-жаттығу жиындарын өткізгендігі және спортшыларға 4,1 млн. теңге жатын орындарына және тамақтанулары үшін іссапар төлемдері ретінде аударылғандығы, алайда бұл оқу-жаттығу жиындары Өскемен қаласындағы мектептің өз базасында өткізілгендігі анықталды. Яғни Өскеменде тұратын спортшыларға іс-сапар шығындарына төлем жасалған.
Сонымен қатар, Жаңа Бұқтырма кентінің және Серебрянск қаласының спорт мектептерінде оқушыларды қайталау фактісі анықталды. Элиталық спортты дамыту бойынша мемлекеттік сатып алу талаптарын бұзудың көптеген фактілері анықталды.
"Барлық анықталған фактілер бойынша уәкілетті органдармен тексерулер жүргізілуде, қорытындысы шыққаннан кейін қылмыстық-процестік заңнама шеңберінде процестік шешімдер қабылданатын болады. Мұндай бұзушылықтардың қайталануын болдырмау үшін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша уәкілетті органдарға нақты ұсынымдар берілді", - деп атап өтті Денис Шакенов.