Қызылордада Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттер елшілерінің кездесуі өтуде
Дөңгелек үстел барысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр өңіріне іссапармен келген елшілік өкілдеріне алғыс айтып, осы сапардың нәтижелері екіжақты әріптестікті жаңа деңгейге шығаратынына сенім білдірді.
"Еуропалық Одақ мемлекеттері мен Қазақстан арасындағы ашық әрі сенімді дипломатиялық қарым-қатынас тәуелсіздік алған кезеңнен бастап орнады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы "Орталық Азия – Еуропалық Одақ" форматындағы кездесуде "Еуропалық Одақ – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі. Біздің сыртқы саудамыздың 40 пайыздан астамы осы ұйымның үлесіне тиесілі. Былтыр Қазақстанның ЕуроОдақ елдерімен өзара тауар айналымы 40 миллиард долларды құрады. 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 50 миллиард долларға жеткізу үшін бізде барлық мүмкіндік бар" деп атап өткен болатын. Қазір жасалған игі істер болашақ ұрпақтың баға жетпес мұрасына айналады. Сапарларыңыз нәтижелі әрі табысты болады деп сенемін", – деді аймақ басшысы.
Сурет: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Нұрлыбек Машбекұлы өз баяндамасында өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды. Қызылорда облысында ел тұрғындары тұтынатын күріштің 90%-ы өндіріледі. Өңір өнімі ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, алыс-жақын шет елдерге кеңінен экспортталуда. Өткен жылдың қорытындысымен 20 млн. АҚШ долларына бағаланған 50 мың тоннаға жуық күріш өнімдері сыртқа сатылды.
Балық шаруашылығы саласы да басты назарда. Облыста кіші Арал теңізі және 200-ден астам көл бар, 10 балық зауыты жұмыс істейді, оның төртеуі "Еврокод", яғни Еуропалық сапа стандартын растайтын белгі иеленген. Жергілікті балық өнімдері Еуропа елдерінде жоғары сұранысқа ие. Өткен жылдың қорытындысымен құны 9 млн. АҚШ долларын құрайтын 2 мың тоннадан астам балық өнімдері Германия, Дания, Литва, Латвия, Нидерланды, Польша және Румыния елдеріне экспортталды.
Сурет: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Мұнан бөлек, облыс әкімі Арал теңізінің ахуалын баяндады. Теңіз түбінен көтерілетін тұзды құм жақын манайдағы елді мекендерден бөлек, Памир тауы мен Солтүстік мұзды мұхиттан табылғаны ғылыми түрде дәлелденген. Құм көшкінін тоқтатудың бірден-бір жолы – теңіз ұлтанын көгаландандыру және жергілікті климатқа сай өсімдіктерді егу. Сондықтан Халықаралық қорлардың демеушілігімен Арал теңізінің құрғаған алқаптарына сексеуіл егу жұмыстары жүргізілуде.
Мемлекет басшысы Арал теңізінің құрғаған табанындағы 1,1 миллион гектарға 2025 жылға дейін климатқа сай өсімдіктер егуді тапсырған болатын. Осылайша, 2021 жылы 101 мың гектарға, 2022 жылы 250 мың гектар жерге, 2023 жылы 193,2 мың гектарға сексеуіл егілді. 2024-2025 жылдары 556,2 мың гектар аумақта осы жұмыстар жалғасады.
Арал теңізінің тартылуы жаһандық проблема екенін ескерген Халықаралық Аралды құтқару қоры, Дүниежүзілік банктер, Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамы, АҚШ-тың халықаралық даму агенттігі, Корея Орман қызметі секілді халықаралық ұйымдар бірлескен жұмыстар атқаруда.
Іс-шарада ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, Еуропалық Одақтың Елшісі Янкаускас Кестутис сөз сөйлеп, алдағы уақытта тиімді әріптестік орнатуға ниет білдірді.
Сурет: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев аймақтың негізгі даму бағыттарын таныстырып, әлеуетті жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырды.
"BGI Bioverse" компаниясының жоба басшысы Ванг Минь ханым баяндама жасап, кәсіпорынның жұмыс бағыттарын сипаттады.
Сонымен қатар,облыс прокуроры Ризабек Ожаров мәселеге қатысты пікірін білдірді.
Кездесуді қорытындылаған аймақ басшысы өңірде әлеуетті инвесторлар үшін көптеген жеңілдіктер мен артықшылықтар қарастырылғанын айтып, мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға шақырды.
Сурет: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Айта кетейік, төрт күндік сапар барысында елшілер Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен "Болашақ" университетінің студенттерімен кездеседі. Қармақшы ауданындағы "Қорқыт Ата" мемориалдық кешеніне, Арал ауданындағы Ә.Нұрпейісов атындағы Әдебиет үйіне барады. "Балықшылар аллеясын" және "Балықшылар" музейін тамашалап, "Aral Sea Food" балық өңдеу зауытының жұмысымен танысады. Мұнан бөлек, делегация мүшелері "Көкарал" бөгетіне аялдап, Кіші Арал теңізінің жағдайын көреді. Теңіз алқабындағы сексеуіл егу жұмыстарымен танысады. Сапар соңында елшілер облыстық тарихи-өлкетану музейі мен "Анаға тағзым" орталығына барады деп жоспарлануда.
Оқи отырыңыз