Қорғаныс шебінде: ембілік мұнайшылар су басу қаупінің алдын алуда
Ағымдағы жылдың наурыз айының соңында ЕМГ-де су басу қаупінің алдын алу үшін жедел штаб құрылып, облыс және аудандардағы жедел штабтармен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп келеді.
Сурет: "Ембімұнайгаз" АҚ баспасөз қызметі
ЕМГ-нің жедел штабы жергілікті атқарушы органдармен, соның ішінде Қызылқоға, Мақат, Исатай, Жылыой және Махамбет аудан әкімшіліктерімен тәулік бойы байланыста. Айта кету керек, "Ембімұнайгаз" АҚ төтенше жағдай жарияланған күннен бастап жергілікті әкімшіліктердің сұранысына орай арнаулы техникамен, құрылыс және қорғаныс материалдарымен, жанар-жағармаймен қолдау көрсетіп, аудандардағы жағалауды бекіту жұмыстары үшін жұмыс күшін бөлді.
Компания ұжымы каналдарды тазартумен және жағаларды бекіту жұмыстарымен айналысты. Атырау облысы Исатай ауданында Каспий теңізіне құятын Бақсай және Нарын каналдарының шлюздері ашылып, ескі бөгеттерді нығайту және ұзарту жұмыстары дереу қолға алынып, бүгінде аяқталды.
Сурет: "Ембімұнайгаз" АҚ баспасөз қызметі
Атырау облыстық жедел штабтың ұйғарымымен Компанияға 3 учаске бекітіліп берілді. "Ембімұнайгаз" АҚ су тасқынынан қорғаныс жұмыстарын ағымдағы жылдың 5 сәуірінен бастады. Нақтыласақ, Алмалы аулындағы 2 250 м, Сарыөзек ауылындағы Қараөзек каналының бойындағы 5930 м, әскери бөлімшедегі 974 метрді құрайтын жағалауды бекіту жұмыстарын ембілік мұнайшылар өз күштерімен орындады.
Су қаупінің алдын алу шараларына күн сайын орташа есеппен 383 адам, 62 техника жұмылдырылды. 59 мың 670 текше метр топырақ төгіліп (6 262 рейс), 158 мың қапшыққа топырақ толтырылды.
Сарыөзек ауылындағы каналды нығайтудың маңыздылығы мұнда 500-ден астам отбасы тұруымен қатар, маңызды деген үш әлеуметтік нысан орналасқан. Нұрсая, Самал мөлтек аудандары және стратегиялық маңызы зор нысан - Хиуаз Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайы осы учаске бойында.
Сурет: "Ембімұнайгаз" АҚ баспасөз қызметі
"Ембімұнайгаз"АҚ-на берілген аумақтарда жағалауды бекіту жұмыстары толықтай аяқталды. Атырау облыстық Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мамандары жұмыстың сапасына бақылау жасап, "жақсы" деген қорытындысын берді. 3 жерде Жайық өзені деңгейін бақылайтын шкала орнаттық. Су деңгейін дәл анықтау үшін Балтық биіктік жүйесі бойынша бөгеттердің биіктігі минус 21,5 - 22 метр көрсетіп тұр,- деп атап өтті өз сөзінде "Ембімұнайгаз"АҚ Бас директоры Сәбит Арынов.
"Ембімұнайгаз" АҚ-ның өндірістік қызметіне келсек, барлық кен алаңдары қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Өнеркәсіптік қауіпсіздік, жер қойнауын қорғау және қоршаған ортаны қорғау талаптары орындалған.
Соған қарамастан, су басу қаупі мүмкін деген кен орындарында сақтық шаралары қолға алынып, қорғаныш жұмыстары жүргізілуде. Қолданыстағы бөгеттер нығайтылуда.
Сурет: "Ембімұнайгаз" АҚ баспасөз қызметі
Сонымен қатар, жұмысшылардың, өндірістің, көліктің және экологиялық қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Компанияның өндіріс алаңдарында су басу қаупі бола қалған жағдайда жұмысшыларды эвакуациялауды, ұңғымаларды тоқтатып, суды сорып алу, тәуекелдерді жою және азайту, төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл алгоритмін әзірлеу, қажетті көмектермен қамтамасыз ету бойынша жоспарлар жасақталды.