Астана мешітінде ақша ұрлаған құмар ойыншы анықталды
Тергеу барысында белгілі болғаны, ер адам қаланың сол жақ жағалауында орналасқан мешітке кешкі намазға келген.
Жуынатын бөлмеде ілініп тұрған бөтеннің күртешесі оның көзіне түскен. Қаскүнем қылмыстық оймен ешкім байқамай тұрғанын пайдаланып, күртешенің қалтасынан 220 мың теңге қолма-қол ақшаны алып кетіп қалған.
Анықталғанындай ер адам ұрланған ақшаны ұтысқа тігіп, ұтылып қалған. Аталған фактіге қатысты ұрлық бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Ер адам кінәсін мойындады, заттай дәлелдемелер тәркіленді, оның бұрын елорда аумағында жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі.
Астана қаласының полиция департаменті қырағы болуға, бағалы заттарды қараусыз қалдырмауға, оңай қол жететін жерде ақша қалдырмауға кеңес береді.