Экс-министр Бағдат Мусинге қатысты қылмыстық іс қозғалды ма - Антикордың пікірі
30 сәуірде Бағдат Мусин Цифрлық даму министрі қызметінен кетті. Содан кейін оның жұмыстан босатылуы аясында Интернетте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бұрынғы басшысына қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат пайда болды.
Алайда тілшімізге бұл ақпаратты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі растамады.
"Қазіргі уақытта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен оның аумақтық бөлімшелерінде бұрынғы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Мусин Бағдат Батырбекұлына қатысты қылмыстық іс жоқ", - деп жауап берді Zakon.kz тілшісінен түскен ресми сауалға Сотқа дейінгі тергеу қызметінің басшысы Қанат Сүлейменов.
Айта кетейік, сәуір айының соңында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бағдат Мусинді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметінен босатқан болатын. Мұнан кейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бұрынғы басшысы қоштасу жазбасын жазып, онда ол өз еркімен отставкаға кеткенін жазған.
Мамырдың 2-сі күні Сенат отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Орзабек экс-басшысының отставкаға кетуі туралы айтып, министрліктің Бағдат Мусиннің жұмыстан босатылғаны туралы соңғы уақытқа дейін білмегенін айтты.
6 мамырда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің бос орнына осы тағайындауға дейін Binance Kazakhstan компаниясының бас менеджері болып жұмыс істеген Жаслан Мәдиев келді.