Алматыда қаралы қауым Төрегелді Шармановты ақтық сапарға шығарып салды
Қаралы жиында академик қазасына байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтын жолдаған көңіл айту жеделхатын ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов оқыды, деп хабарлайды Astana.tv.
Көңіл айту хатында Төрегелді Шарманұлы саналы ғұмырын ұлт денсаулығына арнаған бірегей тұлға, биік парасат иесі болғаны атап өтілген.
"Сондай ақ, қазақ тағамтану ғылымының көкжиегін кеңейтіп, дүниежүзі ұйымы ЮНИСЕФ және басқа да халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық байланыс орната білді", делінген мемлекет басшысының көңіл айту хатында.
Қаралы жиынға Үкімет мүшелері, қала әкімі, Парламент депутаттары мен қоғам қайраткерлері, Төрегелді Шармановтың туған-туыстары қатысты. Жиналған жұрт 94 жасқа қараған шағында өмірден озған академиктің саналы ғұмырында ел дамуына қосқан үлесін, қайраткерлік қыры, кәсіби білігі, азаматтық келбетін еске алып, жақын-жуығына көңіл айтты.
Төрегелді Шарманов Кеңсай зиратына жерленді.
Айта кетсек, медицина ғылымдарының докторы, профессор, гигиенист-нутрициолог ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик Төрегелді Шарманов 94 жасқа қараған шағында өмірден өтті.