Алматы қаласының әуежайында жаңа терминал ашылды
Ведомство Алматы қаласы әуежайында жаңа терминалдың ашылуы стратегиялық маңызға ие екенін нақтылайды.
"Бүгін Алматы қаласы әуежайының жаңа терминалы алғашқы рейстерді қабылдады."Эйр Астана" әуекомпаниясының Лондон-Алматы бағыты бойынша ұшқан әуе кемесі таңғы 8-50-де әуежайға келіп қонды (КС-664 рейсі). Әуе кемесінде 94 жолаушы болды", делінген Көлік министрлігі хабарламасында.
Ал сағат 09-50-де алғашқы болып Алматы – Доха бағыты бойынша "Эйр Астана" әуе компаниясының әуе кемесі ұшады (КС-653). Бортта 166 жолаушы бар.
Әуежай атынан жаңа терминалдың алғашқы жолаушыларына естелік сыйлықтар табысталды.
Алматы қаласы әуежайының жаңа терминалының құрылысы 2021 жылдың мамырында басталды және толығымен инвестиция есебінен жүзеге асырылды. Терминалдың аумағы 53 мың шаршы метрді құрайды.
Жаңа терминалда 7 телескопиялық трап, 50 тіркеу тірегі, 6,2 мың багажды өңдеуге арналған 4 лента қарастырылған. Жаңа терминал жылына 14 млн жолаушыны өткізуге қабілетті. Алдағы уақытта әуежайдан 10 елге 15 халықаралық маршрут бойынша отандық және шетелдік компаниялар қатынайды.
Айта кетсек, 31 мамырда Алматыға жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаладағы әуежайдың жаңа терминалымен танысты. Сол кезде әуежай баспасөз қызметі оның ресми ашылуы 1 маусымда болатынын хабарлаған.