Құлсарыда шаруаларға 123 млн теңгеден астам өтемақы төленді
Тасқыннан зардап шеккен шаруалар мен кәсіпкерлердің шығындары толық өтеледі. Жалпы ауданда 340-тан астам кәсіпкерлік нысан су астында қалған еді.
Тауар шығыны бойынша 27 кәсіпкердің өтінімі өңірлік комиссияға жолданған. Қазір бағалау жұмыстары жүріп жатыр.
Жауапты мамандар осы аптаның аяғына дейін бітіруді көздеп отыр, деп жазады qazaqstan.tv.
Ал Жем өзенін жағалай орналасқан 170 шаруашылықтың 101-іне 123 млн теңгеден астам өтемақы төленген. Бұл тек мал шаруашылығы бойынша. Ал егіс алқаптарының шығынын өтеу енді басталады.
"Егін шаруашылығына әлі ештеңе жасақталған жоқ. Себебі, оның бір гектарына төленетін нормасы министрлікпен бекітіліп келеді. Сол құжат әлі келмей жатыр. Мысалы, 1 гектар қарбызға, 1 дәнді-дақылға берілетін нормасы бар. Соған байланысты қазір облыс бойынша тоқтап тұр. Ал жалпы егістіктері суға кетіп қалған 4 шаруашылықтың жерлерін барып, анықтап қойдық." Нұртас Қуатбаев, аудандық Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы
Бұдан бөлек әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына мониторинг жүргізілуде.
19 түрлі азық-түлік түрлеріне шекті баға бекітілген. Жалпы өңірде су тасқыны бойынша ахуал тұрақты. Жайықтың деңгейі күн санап төмендеп келеді. Осыған байланысты өзенде тазалық жұмыстары басталды.