Алматы халықаралық әуежайының басшысы ауысты
Әуежайдың жаңа президенті болып Гокер Көсе тағайындалды.
"Г. Көсенің операциялық басқару, жоспарлау, инвестициялау, қаржылық менеджмент және әуежай қызметінің тиімділігін арттыру саласында 20 жылға жуық тәжірибесі бар. Ол 2005 жылы TAV Airports холдингі кезінде әуежай командасы қатарына келіп қосылды. Азаматтық авиация мен әуежайлар менеджменті және басқару саласында тағылымдамадан өткен. Анкарадағы Эсенбога жаңа әуежайының пайдалану дайындығы бағдарламасын (Оperational Readiness and Airport transfer, ORAT) енгізу процестеріне қатысқан", делінген әуежай мәлімдемесінде.
2006 жылы Көсе TAV Airports холдингінің қаржы және стратегия басқармасына арнайы шақыртып алынған, онда ол 10 жылдан астам уақыт бойы көптеген жобамен жұмыс істеді. Әуежай жобаларының техникалық және экологиялық сараптамасына, сондай-ақ оларды қаржылық және коммерциялық жоспарлауға белсенді қатысты.
Сонымен қатар ол әуежайлардағы инвестициялық жобаларды, соның ішінде қысқа және ұзақ мерзімді бюджеттік жоспарлауды және қаржы тарту мәселелерін қадағалады.
2017 жылы Көсе Париждегі Шарль де Гол және Орли әуежайларының инвестициялық жобаларын басқарған Groupe ADP компаниясының Инвестициялар және қаржылық жоспарлау жөніндегі директоры қызметіне кірісті. Сондай-ақ Groupe ADP-дің Үндістандағы бөлімшесінде GMR Airports бизнесін дамыту мәселелерімен айналысты.
Гокер Көсе Таяу Шығыс техникалық университетін тәмамдаған, сонымен қатар Ыстамбұлдағы Босфор университетінің MBA дәрежесіне ие.
Бұған дейін 2024 жылдың 1 маусымында Алматы халықаралық әуежайының жаңа терминалы ашылғаны хабарланған болатын.