Бала ұрлағандар 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылады
Балаға аса қатігездікпен қол көтерген ата-ана да жауапқа тартылады.
Отбасындағы зорлықтан әйелмен бірге балалар да зардап шегеді. Ресми статистикамен айтайық. Құқық қорғау органдарына түскен арыздардың негізінде былтыр 2 жарым мың бала үйде жапа шеккен.
7 бала агрессордың қолынан көз жұмған. Президент қол қойған заң бойынша, енді өз баласын аса қатігездікпен ұрып-соққандар үшін жаза қатаңдатылды, деп жазады qazaqstan.tv.
Құжатқа сәйкес, агрессор 2 жылға дейін қамалуы мүмкін. Баланың алған жарақатына байланысты жаза мерзімі де ұзарады. Дегенмен, бұл қол көтергеннің бәрі ата-ана құқығынан айырылады дегенді білдірмейді. Бұл қасақана жасалған қылмысқа ғана қолданылады. Ал шешімді тек сот шығарады. Онда баланың мүддесі міндетті түрде ескеріледі. Біреудің баласын қорлап, буллинг жасағандар үшін де алғаш рет әкімшілік жауапкершілік енгізілді.
Буллинг немесе кибербуллингке 16 жасқа дейін жасөспірім барса, оның ата-анасына 37 мың теңгеге жуық айыппұл салынады. Тағы қайталаса, 110 мың теңге төлейді. Әлеуметтік желіде түрлі күмәнді ақпарат таратып, баланы суицидке итермегендер де қылмыстық жауапқа тартылады.
Олар 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Жаңа заңда кәмілет жасына толмағандарды зорлағандар мен өлтіргендерге де қылмыстық жаза күшейтілді.
Бұрын педофилдер өмір бойына немесе 20 жылға дейін сотталса, енді тек өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Озбырлық жасағандарға ата-анасымен татуласуға мүмкіндік берілмейді. Ал бала ұрлағандар 10 жылдан 15 жылға дейін қамалады.
Бұдан бөлек, "жолақы төлемедің" деп оқушыны автобустан түсіріп кететіндер 19 мың теңге айыппұл төлейді. Бала қауіпсіздігі үшін жазғы лагерь, сауықтыру орталықтары сынды мекемелердің барлығы еш ескертусіз тексеріледі. Сондай-ақ, лагерьлер лицензия алуға міндеттеледі. Заңдағы баптар 15 маусымнан күшіне енеді.