Си Цзиньпин: Қытай әрқашан Қазақстан үшін сенімді тірек болады
Сурет: akorda.kz
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин 2024 жылғы 3 шілдеде Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөздер барысында екі ел арасындағы қарым-қатынас туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Си Цзиньпин қазақ жерінде құрмет көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты
"Құрметті Президент мырза, қымбатты досым! Менің сапарыма мән беріп отырғаныңызға ризашылығымды білдіремін. Сіз Мемлекет басшысы қызметіне кіріскен сәттен бастап реформалар мен елдің дамуын белсенді әрі мақсатты түрде ілгерілетіп келесіз. Ішкі және сыртқы саясатта тиімді шаралардың тұтас топтамасын қабылдадыңыз. Соның нәтижесінде еліңіздің жалпы қуаты мен халықаралық беделі айтарлықтай артты. Тату көрші ретінде біз бұл жетістіктерге шын жүректен қуанамыз." Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин
Ол 2023 жылы екі ел басшылары екі рет – Сиань мен Бейжіңде кездескенін еске салды.
"Былтыр екеуіміз Сиань мен Бейжіңде екі рет кездесіп, жаңа жоспарларды белгіледік. Сондай-ақ "алтын отыз жылдықта" қытай-қазақ қатынастарын қарқынды дамытудың негізгі бағыттарын айқындадық. Қытай Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасты әрдайым стратегиялық тұрғыдан және ұзақмерзімді перспектива деңгейінде қарастыратынын растағым келеді. Сондай-ақ көршілес елдерге қатысты ұстанатын өзінің сыртқы саясатында Қазақстанға басымдық береді және Орталық Азиядағы маңызды серіктес ел санайды. Қытай-қазақ байланыстарын қамтамасыз етуде біздің ерік-жігеріміз бен ұстанымымыз өзгермейді және конъюнктуралық ықпалға ұшырамайды. Қытай әрқашан Қазақстанға сенімді тірек болатынын мәлімдеймін", – деді ҚХР Төрағасы.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып жатқанын айтқан.
Си Цзиньпин 2 шілдеде Астанаға келді. Оны әуежайдан Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты түрде қарсы алды.
Си Цзиньпин Қазақстанда үш күн болады: 2 шілдеден 4 шілдеге дейін.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript