Елімізде 5 мыңға жуық адам өз еркімен қоныс аудару мүмкіндігін пайдаланды
2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша ерікті қоныс аудару шеңберінде жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге 4 869 адам, оның ішінде 1 891 қандас және 2 978 қоныс аударушы көшіп келді. Барлық қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді. Осы жылдың соңына дейін 9483 адамды көшіру жоспарлануда.
Қоныстандыру өңірлері бөлінісінде:
- Павлодар облысына – 2 036 адам,
- Солтүстік Қазақстан облысына – 1 163 адам,
- Қостанай облысына – 540 адам,
- Шығыс Қазақстан облысына – 402 адам,
- Абай облысына – 362 адам,
- Ақмола облысына – 285 адам,
- Қарағанды облысына – 43 адам,
- Ұлытау облысына – 38 адам қоныс аударды.
Қоныстану аймақтарына көшкен қандастарымыз негізінен
- Өзбекстаннан – 631 адам,
- Моңғолиядан – 616 адам,
- ҚХР – 472 адам,
- Ресейден – 110 адам,
- басқа елдерден – 62 адам келген.
1 491 еңбекке қабілетті қоныс аударушы мен 944 қандастың 1 288-і жұмысқа орналастырылды, 111 адам кәсіпкерлік қызметпен айналысады, 1 адам бизнес ашу үшін грант алды.
Қоныс аударушылар мен қандастар денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, білім беру және өнеркәсіп салаларына жұмысқа орналасты.
Естеріңізге сала кетейік, ерікті қоныс аудару аясында қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдаудың мынадай шаралары ұсынылады:
- отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде көшуге арналған бір реттік субсидия;
- отбасы мүшелері саны мен елді мекенге байланысты 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде 12 ай ішінде тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ай сайынғы субсидиялау;
- қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама;
- жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу;
- экономикалық ұтқырлық сертификаттарын беру.
Бұдан басқа, өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге тұрғын үймен қамтамасыз етілген және кемінде 2 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа қабылданған әрбір қызметкер үшін 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орналасуға біржолғы субсидия беріледі.